Елордада ұялы телефон арқылы ақша жымқыратын алаяқ ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық полиция қызметкерлері ұялы байланыс арқылы бірнеше рет алаяқтық жасау күдігімен Павлодар қаласының 43 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алаяқ ұялы байланыс абоненттерінің жеке кабинеттеріне кіру арқылы ондағы ақша қаражатын есепшот картасына аударып отырған. Ол үшін күдікті телефон арқылы абонентке компания қызметкері ретінде хабарласып, ұялы телефон ұтып алғанын айтқан және жүлдені алу үшін СМС-хабарлама түріндегі бір реттік құпиясөзді айтуды өтінген. Осыдан кейін ол абоненттің балансынан ақша ұрлаған.

Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты 6 факті бойынша ҚР ҚК 190-бабы 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Егер сіз дәл осындай жолмен жасалатын алаяқтық әрекеттен зардап шексеңіз, мына телефон нөмірлеріне хабарласуыңызға болады: 8(7172)71-63-35, 71-60-10, 8-775-821-65-65.

«Барынша қырағы болыңыз, интернет-алаяқтардың қақпанына түсіп қалмаңыз! Қауіпсіздік ережелерін қаперіңізге саламыз: бөгде адамға өзіңіздің банк картаңыздың мәліметтерін, әсіресе жеке сәйкестендіру нөміріңізді бермеңіз; сіздің жеке мәліметтеріңізге сұрау салған СМС-хабарлама келген жағдайда оны тек ресми дереккөзге ғана беріңіз», - деп ескертеді елордалық полициядан.

Соңғы жаңалықтар