Елордада үстел теннисінен турнирдің жүлдегерлері анықталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада ҚР Президенті Іс Басқармасының және ведомстволары мен ведомстволық қарасты ұйымдарының қызметкерлері арасында үстел теннисінен турнир мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл сайынғы дәстүрлі турнирде 3 адамнан тұратын 12 команда өзара тартысқа түсті. Командалар төрт топқа бөлініп жарысты. Жеңімпаздарға арнайы кубог, сертификаттар мен дипломдар табысталды.

Сонымен, командалар арасындағы сайыста бірінші орынды «ҚР ПІБ Инженерлік-техникалық орталығы» ШЖҚ РМК алды. Екінші орынды ҚР ПІБ Медициналық орталығы иеленсе, үшінші орын «Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясы» РМК-ға бұйырды.

Мұнымен қоса үстел теннисінен турнирде «Ерлер арасында үздік ойыншы» ретінде Райымбек Жұпбағамбетов («Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» РМК), «Әйелдер арасында үздік ойыншы болып Саягүл Изанова («ҚР ПІБ Автошаруашылығы» РМК) марапатталса, сондай-ақ «Шебер ойыншы» аталымында Қадыржан Әмірханов («Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы» мемлекеттік мекемесі) үздік деп танылды.

Айта кетейік, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен Гиннесс рекордтар кітабына кірген, алып күш иесі Сергей Цырульников жарыстың қадірлі қонағы ретінде шақырылды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада ҚР Президенті Іс Басқармасына қарасты ведомстволар арасында үстел теннисінен турнир өтті.



Соңғы жаңалықтар