Елордада үшінші көпсалалы аурухана салу ұсынысын қолдау маңызды деп санаймын - Тоқаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада үшінші көпсалалы аурухана салу ұсынысын қолдау маңызды деп санаймын. Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астанада халық санының бақылаусыз өсуі қазіргі заманғы емханалардың, сапалы және қолжетімді қызметтері бар мамандандырылған медициналық мекемелердің тапшылығына алып келеді. Білікті медициналық кадрлардың тапшылығы байқалады. Көбіне адамдар емханалардағы кезек пен жеке клиникалардағы қызметтердің қымбат болуына байланысты медициналық көмекке жүгінбейді. Мұның бәрі қала тұрғындарының денсаулығына теріс әсер етеді. Жағдайды түзету үшін елордада үшінші көпсалалы аурухана салу ұсынысын қолдау маңызды деп санаймын», - деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындардың қалалық инфрақұрылымға тиісті деңгейде қолжетімділігін арттыру мәселесіне ерекше тоқталды.

«Елордада өмір сүру сапасын тұрақты негізде арттыру қажет. Астананың барлық тұрғындары қалалық инфрақұрылымға – білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт объектілеріне, сондай-ақ саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерге тең қолжетімділікке ие болуы тиіс. Бұл барлық азаматтардың өмірі үшін жайлы және қолайлы орта құрудың негізі», - деп мәлім етті Президент.


Соңғы жаңалықтар