Елордада үш айлық жолақы карталары енгізілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең, 1 қаңтардан бастап, Астанада айлық жолақы билеттерінің қағаз нұсқасын алып тастау жоспарланған. Оның орнына бір айлық электронды карталар сатыла бастады. Бұдан бөлек, үш айлық карталар да болады. Бұның барлығы арнайы кассаларда сатылады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі елорданың медиаорталығына сілтеме жасап.

Ресми ақпаратқа сәйкес, үш айлық тарифі бар электронды карталарға иесінің аты-жөні және тағы басқа мәліметтер енгізіледі. Сондықтан оны жоғалтқан жағдайда арнайы кассаға барып, ешбір қиындықсыз қайта қалпына келтіруге болады. Далада тұрған RTVM-автоматтарда ондай қызмет жоқ. Сондықтан тек арнайы кассаға ғана бару қажет.

Жалпы, бүгінде қала бойынша 36 жерде АSTRA PLAT карталары сатылады. Алайда тек 7 арнайы кассада бір және үш айлық жолақы карталары сатылуда. Аталған кассалар Нәжімеденов, 10/2 ("ASTRA Parking" кеңсесі), Петров, 24 ("Еуразия" сауда орталығы, № 051 бутик), Гете көшесі, 5 ("Сапаржай Астана" автовокзалы), Бөгенбай батыр даңғылы, 68 ( "Әлем" сауда орталығы, екінші қабат, 12-бутик), Қабанбай батыр даңғылы, 5 ("Астаналық цирк"), Жеңic даңғылы, 47 ("Жеңic" сауда орталығы, үшінші қабат) және Қажымұқан Мұңайтпасов, 14 ("Біліктілік орталығы") мекенжайлары бойынша орналасқан.

"2018 жылдан бастап біз қағаз жүзіндегі айлық жолақы билеттерінен "Айлық жол жүру" тарифіне көшетін боламыз. Оны басқа тарифтер сияқты көлік картасына жүктеуге мүмкіндік бар. Аталған қызмет жолаушылар үшін ыңғайлы болмақ. Сондай-ақ, қазіргі тарифтерге деген нақты сұранысты анықтауға мүмкіндік береді", - делінген "Astana LRT" компаниясының ресми xабарламасында.

Айта кеткен жөн, жаңа жылдан бастап барлық қоғамдық көліктерде электронды жүйе енгізілсе де, жол жүру ақысын қолма-қол ақшамен төлеу де қатар жүреді.

Соңғы жаңалықтар