Елордада үш ауысыммен білім беретін 4 мектеп бар

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астанада үш ауысыммен істейтін 4, ал бала саны шамадан тыс көп 15 мектеп бар. Бұл туралы биылғы оқу жылына дайындық барысын баяндаған Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үш ауысымды және бала саны шеткі нормадан артық мектептер мәселесін шешу мақсатында биыл жыл соңына дейін 23 мың орындық 11 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл өз кезегінде 7 мектептің шамадан тыс жүктемесін азайтуды мүмкіндік етеді. 2025 жылға дейінгі жол картасына сәйкес, 80 мыңнан астам орынға арналған 67 мектеп салу жоспарланған», - деп атап өтті ол.

Қасымхан Сенғазыевтің айтуынша, елорда оқушылары 25 тамызға дейін оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдарымен 100 пайыз қамтамасыз етіледі.

«Биылғы оқу жылында бірінші сыныпқа 26 мыңға жуық бала барады. Оқулықтарға келетін болсақ, 1-11 сынып аралығындағы оқушыларға арналған 2,5 млн-нан астам кітап бар. Ағымдағы жылы 2-сынып оқушылары қайта шығарылған, жаңартылған оқулықтармен білім алады. Бұл кітаптардың алғашқы легі 12 тамызда жеткізіледі. Олар 15 тамыздан бастап табысталады. 25 тамызға дейін елорда оқушылары 100 пайыз оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдарымен қамтамасыз етіледі. Балалар санының көбеюіне байланысты 1 млн-нан астам экземпляр қосымша сатып алынады», - деді білім басқармасының басшысы.

Еске салсақ, бүгін республикалық тамыз конференциясында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ауыл мектептерінің басты проблемаларын баяндаған болатын. Министр ауыл мектептерінің қандай басымдығы барын да айтты.


Соңғы жаңалықтар