Елордада «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтар» атты құжаттар көрмесі ашылды

None
None
АСТАНА. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы ҚР Ұлттық мұрағатында Жеңістің 65 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтар» атты құжаттар көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Мәдени шара барысында адамзат тарихындағы ең зұлмат соғыс жайында, қазақ жерінде құрылып, майдан даласында ерліктің үлгісін көрсеткен әскери бөлімшелер турасында деректі фильм көрсетілді. Ашылу салтанатының алғашқы сөз кезегі тиген Астана қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Алпысбаев көрмеге келушілерді Жеңістің 65 жылдығымен құттықтай келіп, әсіресе соғыс ардагерлеріне зор денсаулық тілейтіндігін жеткізді.

Сондай-ақ шара барысында сөз сөйлеген ҚР Ақпарат және байланыс министрлігінің өкілі Ербол Шәймерденов министрлік атынан Жеңістің 65 жылдық мерейтойымен құттықтап, «біздің министрлік тарапынан осынау айтулы датаға орай қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Дәл осындай көрмелер барлық облыстардың мұрағаттарында өз жалғасын табуда, естелік кітаптар да шығарылуда. Ал үлкен бағдарлама ретінде ағымдағы жылы даңқты қолбасшысы Бауыржан Момышұлының 30 томдық шығармалар жинағын шығару аяқталады. Сондай-ақ Әзілхан Нұршайықовтың да соғыс жайындағы естеліктер кітабы дайындалу үстінде» деп атап өтті.

Көрмеге ҚР Ұлттық мұрағаты қорынан, Ақпарат және мұрағат комитеті Орталық мемлекеттік мұрағатынан, Астана, Алматы қалалары, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан және басқа да облыстардың мұрағаттық мекемелерінен, республикалық ардагерлер ұйымынан таңдап, іріктеп алынған 200-ден астам құжаттар мен материалдар қойылған.

Соңғы жаңалықтар