Елордада «Ұлы дала мұрасы» музейлер шеруі ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- 29 қарашада 18:00-24:00 аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің 5 жылдығына орай «Ұлы дала мұрасы» музейлер шеруі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз тоқсан сайын осындай мереке өткізіп тұрамыз. Бүгін сіздерге арнайы қазақ өнерін насихаттайтын маңызды да қызықты шаралар дайындалды. Музейге келіңіздер, көрмелерді тамашалаңыздар. Музейге келгендеріңізге рахмет!», - деді шараның ашылу салтанатында ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Алмаз Нұразхан.

Көпшілік назарына алғаш рет ұсынылып отырған «Ұлы дала мұрасы» жобасы көпшілікті қоғамның мәдени саласымен байланыстырып, мұражай өмірін танытуды көздейді.

«Сіздерге Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры, профессор Айман Мұсақожаеваның ыстық ықыласын жеткізуге рұқсат етіңіздер. Отан, туған жер, ел, атамекенді сүю, ұлттық салт-дәстүрді сақтау секілді түсініктер оқу-тәрбие үрдісінде оқушылар бойында қалыптастыру жүзеге асырылуда. Бүгінгі кеш соның дәлелі болмақ. Яғни бұл шеруді «Жастар» жылы аясында Қазақ Ұлттық өнер университеті Ұлттық музеймен бірлесіп ұйымдастырып отыр», - деді Қазақ Ұлттық өнер университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Қымбат Тілеуова.

Музей кешіне келген астаналықтар мен қала қонақтары Ұлттық музейге тегін кіріп, түрлі шараларды тамашалады.

Музей шеруі барысында суретші, гиперреалист-мүсінші, «100 жаңа есім» жобасының «Мәдениет» номинациясы бойынша жеңімпазы Айдос Есмағамбетовтің гримдеуі ұйымдастырылды.

«Құрмет» орденінің иегері Меруерт Өтекешованың жетекшілігімен «Қайырлы кеш» театрландырылған қойылым көрсетілді.

«Ежелгі және ортағасырлар тарихы» залында «Жанданған базар: «Абай» көрінісі, Қазақ Ұлттық өнер университетінің талантты бишілерінің әсем бал биі, цирк әртістерінің шоуы жүргізілді. «Мысыр Ұлттық музейде» және «Quintessence» атты топтық көрмелері ашылып, сонымен қатар әр залда театрландырылған көріністер, этно-коллекция бойынша дефиле, қазақша қол күрес, «Асығың алшысынан түссін!» ұлттық ойындары өтті.

Соңғы жаңалықтар