Елордада Украина елшілігі орналасқан ғимарат музейге айналады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Есілдің оң жағалауында кезінде қала өмірінің маңызды орталықтары болған тарихи ғимараттар бар. Солардың бірі - Кенесары көшесінің бойындағы көпес Василий Кубриннің үйі. Ғимаратта 20 жыл бойы Украина елшілігі болды. 1910-1912 жылдары салынған үй қазірде «Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві» ММ-не берілген. Ғимарат алдағы уақытта қандай мақсатта пайдаланылатыны жайлы ҚазАқпарат тілшісіне архивтің директоры Мейрам Бектембаев айтып берді.

ХХ ғасырдың орта шенінде ғимаратта қалалық білім басқармасы, Пионерлер үйі жұмыс істеді. 80-жылдары Целиноград облысының тарихи-өлкетану музейі орналасты. Украина елшілігіне 2000 жылы берілді.

Мемлекеттік архив директорының айтуынша, әкімдік ғимаратты архивке беру туралы бастамаға келісе кеткен.

«Иә, елорда әкімдігі ғимаратты бізге берді. Біздің архивтің өзі әкімдікке - Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарайды. Әкім біздің бастамамызды қолдады. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында «Архив-2025» жобасы туралы айтылған. Жоба тұрғындардың бірегей архив материалдарына қол жеткізуіне жағдай жасау мақсатын көздейді», - дейді Мейрам Бектембаев.


Архив директоры тарихи ғимаратта жөндеу жұмыстарын жүргізуге реставраторлар шақырылғанын жеткізді.

«Біз ғимаратты тексердік. Үйдің төбесі 1910 жылдан бері өзгермеген. Жалпы, күрделі жөндеудің аса қажеті де жоқ», - деді ол.

«Украина елшілігі басқа ғимаратқа көшкенін білген соң тарихи-өлкетану музейін құру идеясы туды. Оның экспозициясы қаланың даму тарихынан сыр шертетін болады. Осы ғимаратта музей мен архивті біріктіру жағын ойластырып жатырмыз», - деді Мейрам Бектембаев.

Қазір қала әкімдігі мен мемлекеттік архиві бірлескен шаралар жоспарын әзірлеуде. Экспозицияны биылдың өзінде ашу жоспары бар.

Мейрам Бектембаев мемлекеттік архив астаналықтарды көненің көзі боларлықтай материалдарды жинауға үлес қосуға шақырып жатқанын айтты.


«Біз «Астананың жылнамасына үлес қос» акциясын бастадық. Тұрғындарда тарихи құжаттар, экспонаттар болса, қуана қабылдар едік», - дейді ол.

«Біздің қалада мемлекет қорғауындағы мәдениет нысандары тізіміне кіретін тарихи ғимараттар баршылық. В. Кубрин үйінен тыс, Орталық клиникалық аурухана (Ә. Мәмбетов көшесінде), көпес Егоровтың үйі (М. Әуезов көшесінде), В. Кубрин салғызған тағы бір үй - метеостанса ғимараты бар (Жаңа Сейфуллин - Күмісбеков қиылысында). Қ. Мұңайтпасов атындағы стадион да бұрынғы Крепостной қабырғасының үстіне салынған. Біз қаланың тарихын жаңғыртуды қалаймыз», - дейді архив басшысы.


Ол сондай-ақ ғимарат құрылысының тарихына да тоқталып өтті.

«Көпес Василий Кубрин қарапайым саудагер ғана емес, өте белсенді адам болған. Елдің қоғамдық өміріне үнемі атсалысатын. Мемлекеттік Думаға да сайланған. Санкт-Петербургте сүйіктісіне жүрек сырын ашқан соң, осында, Ақмолаға келуді ұсынады. Қыз өзінің Санкт-Петербургтегі үйіндей үй салып берсе ғана келісетінін айтады. Кубрин осы үйді салу үшін Санкт-Петербургтен сәулеткерлер әкелді. Өздеріңіз білесіздер, Санкт-Петербург те, біздің астана секілді сулы-батпақты жерде бой көтерген. Үйдің құрылысына сол жақтағыдай әдістер қолданылған», - дейді ол.

Үйдің арт жағында жерасты жолы болған деген аңыз да бар. Қазір архив оның рас-өтірігін анықтамақ.

«Бұл жақтың қысы қатты болғандықтан, Василий Кубрин жер астынан жол қаздырған болуы мүмкін. Біз Еуразия ұлттық университетімен бірге геосканердің көмегімен маңайды тексереміз. Егер жерасты жолын тапсақ, ол үлкен жаңалық болушы еді. Егер табылмаса, аңыздағыдай етіп арнайы қазуға да болады», - дейді Мейрам Бектембаев.



Авторы Ақбота Күзекбай

Соңғы жаңалықтар