Елордада ҮЕҰ академиясының алғашқы түлектеріне сертификаттар табысталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада Үкіметтік емес ұйымдар академиясының алғашқы түлектеріне сертификаттар табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрліктің қолдауымен өткен жылдан бастап үкіметтік емес ұйым өкілдерін қолдауға арналған жоба қолға алынды. Бүгінде қоғамның дамуында үкіметтік емес ұйымдардың рөлі ерекше. Сарапшылардың мәліметінше, бүгінде ҮЕҰ саласында 20 мыңнан астам азаматымыз еңбек етіп жатыр. Және олардың қатары мен маңызы жыл санап артып келеді. Осы орайда ел көлемінде ҮЕҰ қызметін одан әрі ілгерілетіп, сала мамандарының біліктілігін арттыру жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінгі шара – соның куәсі. Жалпы осы уақыт аралығында ҮЕҰ саласы бойынша 800-ден астам ментор даярланды», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов.

Оның айтуынша, министрліктен бөлек, аталған саланың дамуына Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы да тұрақты қолдау көрсетіп келеді.

«Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдардың қаншалықты керектігіне талдау жасалып, білім бағдарламасы әзірленді. Одан бөлек, жуырда үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне арналған мобильдік қосымша іске қосылады. Ол жерде ҮЕҰ-ға қатысты барлық мәліметтер болады», - дейді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба қатысушылары Үкіметтік емес ұйымдар академиясынан «Стратегиялық ойлау», «Тиімді менеджмент дағдылары», «Әлеуметтік маркетинг», «Қаржылық сауаттылық», және «Бизнес-жоспар құру» тақырыптары бойынша білім алып шықты.

«Қатысушылар онлайн режимінде белсенділік танытып, білім мен дағдыны қатар игерді. Сондай-ақ, үйренушілер бизнес идеяларын ортаға салып, тәлімгерлік қолдау көрсетілді. Жоба аясында оқу бағдарламасы жасалып, оқу-әдістемелік материалдар топтамасы әзірленді. ҮЕҰ саласын меңгерген жалпы саны 167 ментор даярлықтан өтті, енді олар басқаларды үйрететін болады. Аталған жоба ҮЕҰ-ның қоғамдағы рөлін күшейтіп, жаңа идеялар мен әлеуметтік бастамалардың пайда болуына ықпал еткені сөзсіз», - деді «Өрелі ұрпақ» әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің үйлестірушісі Зубираш Смағұлова.

Жоба үйлестірушісінің мәліметінше, жоғарыда аталған 167 маман ҮЕҰ саласын биыл мамыр-қазан айлары аралығында меңгеріп шықты.



Соңғы жаңалықтар