Елордада тұзы азайтылған нан пісірілетініне қуаныштымын – дәрігер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның негізгі бағыты - дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру және жастардың денсаулығын нығайту мақсатында нан, нан-тоқаш өнімдерінде тұзды кезең-кезеңмен азайту.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына сәйкес, тамақ өнімдеріндегі тұз мөлшерін азайтуды жаппай тұтынылатын өнім ретінде наннан бастаған тиімді.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің нан және нан-тоқаш өнімдерін өндіретін эксперименталдық-өндірістік цехында ЖОО студенттері мен оқытушыларына құрамында тұз мөлшері аз нан пісіретін болады, бұл өз кезегінде жұқпалы емес аурулардың алдын алудың негізгі шарасының бірі болып табылады.

Осыған байланысты, тараптар бұл бастаманы басқа да нан-тоқаш өнімдерін өндірушілер қолдайтынына үміт артатынын білдірді.

Сонымен қатар, уақыт өте келе медициналық ұйымдар өздерінің жаңа миссиясын іске асыруы керек: халықты денсаулықты қалай сақтау керектігін, профилактикалық шараларға және дұрыс тамақтануға үйрету. Осылайша, медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде денсаулық сақтау жүйесінің дамуын анықтайтын - «аурудан мықты денсаулыққа» және «емдеудің орнына үйрету және күтім жасау» сияқты маңызды қағидалар жүзеге асырылуы тиіс.

Тұзды шамадан тыс тұтыну, жалпы, дұрыс емес тамақтану денсаулыққа қандай зиян тигізетіні туралы Нұр-Сұлтан қаласындағы №3 қалалық емхананың терапия бөлімшесінің меңгерушісі, дәрігер Эмина Тұңғышбайқызы Ильясова былай дейді:

Адамдар көбіне тұзды қанша мөлшерде тұтынатынын білмейді. Көптеген елдерде тұздың негізгі мөлшері адам ағзасына өңделген тағамдардан (дайын астан; бекон, ветчина мен салями сияқты ет өнімдері, ірімшік пен тұзды тіскебасарлар) немесе көп мөлшерде (мысалы, нан) тұтынылатын тағамдардан түседі.

Адам ағзасы барлық қажетті заттарды тамақ пен су арқылы алады. Азық-түлік өнімдерінің құрамы және олардың қасиеттері денсаулыққа, физикалық дамуына, жұмыс қабілеттілігіне, эмоционалды күйге, тұтастай алғанда, өмір сүру сапасы мен ұзақтығына тікелей әсер етеді.

Дұрыс емес тамақтану кез-келген жаста адам денсаулығына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Бұл физикалық және ақыл-ойдың даму деңгейінің төмендеуі, шаршағаңдық, жұмысқа деген қабілеттіліктің төмендеуі және өмір сүру ұзақтығының қысқаруы.

Тұзды шамадан тыс қабылдау организмдегі зат алмасу процесінің бұзылысына әкеледі: су-тұз алмасуы, тұз организмде жиналып, тістер бұзылады, гастрит, асқазан жарасы пайда бола бастайды. Қартаю процесін жылдамдатады. Тұзды шамадан тыс қабылдау қан қысымының жоғарылауына ықпал етеді, бұл өз кезегінде жүрек ауруы және инсульт қаупін арттырады.

Қазір балалар мен жасөспірімдер көбінесе компьютер алдында, әлеуметтік желілерде отыра беретін аз қозғалмалы өмір салтын ұстанады, фастфудпен тамақтанады, шұжық, чипсы, қытырлақ нан, майонез көп жейді. Әсіресе ысталған шұжықтарда тұз мөлшері көп болады. Дұрыс емес тамақтану және физикалық белсенділіктің болмауы бүкіл әлем бойынша денсаулық үшін үлкен қауіп болып табылады.

Мен еліміздің бас қаласында құрамында тұз мөлшері азайтылған нан пісіретініне қуаныштымын. Тұздың ұсынылатын тәуліктік мөлшері - күніне 5 грамм (бір шай қасық) құрайды.

Өз тәжірибемде айта кетсем, мен және менің отбасым салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанамыз. Біз нан және нан-тоқаш өнімдерін тұтынуды азайттық, көбінесе көкөністер, ақуызды тағамдармен жиі тамақтанамыз. Тіпті менің балаларым да тәрелкедегі тамақты көз мөлшерімен 4 бөлікке бөліп, үстелден жеңіл аштық сезіммен тұру керек екендігін біледі. Кешке біз жеңіл ас: алма жеп, айран ішеміз. Мен балаларға дұрыс тамақтануды үйрету мүмкін екендігіне көз жеткіздім, тек қана ата-аналар тарапынан түсіндірме жұмысы жасалуы керек.

Қазіргі кезде семіздікке шалдыққан, артық салмағы бар балалар мен жасөспірімдер өте көп. Оларға көмектескін келеді, жанына барып дұрыс тамақтан, жаттығу жаса, тұз бен қантты аз мөлшерде тұтын деп те айтқын келеді.

Ата-аналар балаларына тұз бен дұрыс емес тамақтанудың зияны туралы түсіндірулері қажет. Мектепте бірінші сыныптан бастап түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек, егер дұрыс түсіндірсе, балалар тез аңғарып, зиянды тамақты ешқашан ішіп, жемейтін болады.

Бүгін дұрыс тамақтана отырып – біз көпжылдарға денсаулығымызды сақтауға көмектесеміз.

Соңғы жаңалықтар