Елордада Түркия мамандары жалған құжаттарды анықтаудың жай-жапсарын түсіндіріп жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада заңсыз көші-қонның алдын алу және құжаттарды қолдан жасау қылмысымен күрес тақырыбында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) бес күндік семинары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заңсыз көші-қонмен күрес саласында жалған құжат жасау қылмыстарына жол бермеу маңызды болып тұр. Себебі бұл әрекеттер экономикалық әрі әлеуметтік тұрғыда елеулі шығын келтіреді. Түркия сын-қатерлер бағытында АӨСШК-нің сенім іс-шараларының үйлестірушісі қызметін атқарып отыр. Осы орайда жүйелі түрде құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін біліктілікті арттыру курстарын өткізіп жатыр. Соңғы үш жылда АӨСШК-ға мүше елдер үшін Түркия он екінші семинарды ұйымдастырды. Осыған дейін АӨСШК-нің кәсіби дайындығына арналған курстар есірткінің заңсыз айналымымен және терроризмді қаржыландырумен, халықаралық ұйымдасқан қылмыспен күрес тақырыптарына арналды», - деді АӨСШК хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай.

Бүгінгі курс заңсыз көші-қонға әкеліп соқтыратын жол жүру құжаттарын қолдан жасау қылмысымен күреске арналған. Сонымен қатар бұл бағытта қомақты сомада төленбеген салық мәселесін шешу, қауіпті жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу және басқа да проблемалар бойынша талқылаулар болады.

Сонымен қатар ол 7 наурызда БҰҰ-ның көші-қон желісі бойынша арнайы есеп жариялағанын еске салды. Оған сәйкес соңғы бес жылда 47 мың мигрант із-түзсіз жоғалып кеткен немесе көші-қон жолдарында қайтыс болған. Бұл ретте жалған құжат жасаушылардың да заңсыз әрекеті байқалып отыр.

«Біздің семинарға АӨСШК-ге мүше мемлекеттер құқық қорғау органдарының өте тәжірибелі қызметкерлері келген. Оларға қоғамдық тәртіпті қорғау және мемлекеттік шекаралардағы құқық тәртібін қамтамасыз етуде үлкен жауапкершілік жүктелген», - деді Қайрат Сарыбай.


Соңғы жаңалықтар