Елордада түркі елдерінің ғажайып жыр кеші - «Астана-Арқау» басталады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 4-5 шілде күндері елордада түркі халықтарының дәстүрлі музыкасының «Астана-Арқау» ХI Халықаралық фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, түркі елдерінің өркениетін тоғыстыратын айтулы фестивальдің өткізілуіне Астана қаласының әкімдігімен бірге Қазақстандағы Әзербайжан, Иран және Түрікменстан елшіліктері зор қолдау білдіріп отыр.

Астана осы уақытта дейін түркі халықтарының өркениетін тоғыстырған орталықтардың бірі болып келеді. «Астана-Арқау» фестивалінің жыл сайын өткізілуі - түркілердің музыкалық мәдениетінің байланысын бекемдеуде Қазақстанның рөлін арттырғаны айқын.

Фестиваль барысында танымал өнер иелерінің қатысуымен барлық түркі халықтарының туындылары орындалатын болады. Шығыс пен Батыс халықтарын тамсандырған, Орталық Азия мен Қазақстанның, Анадолы мен Кавказ маңындағы түркі елдерінің, Сібір мен Волга маңы халықтарының ұлттық аспаптарындағы үздік әуендер мен түркі лирикасы, бақсылардың әуендері шырқалмақ.

Еске сала кетсек, бұған дейін аталмыш фестивальдің неліктен «Астана - Арқау» аталуын жазып кеткен болатынбыз. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл атаудың да өзіндік мағынасы бар. Мәселен, «арқау, арқас, арқалық» - бұл қазақ тілінде ежелден бар сөздер. «Арқа» түбіріне түрлі жұрнақ қосу арқылы жасалған. Соның ішінде нақты «арқауға» келсек, әуелгі мағынасы «арқау жіп» екені белгілі. Арқау - бұрынғының қазағы үшін уықтардың арасынан өткізіп, киіз үйдің беріктігі үшін қолданылатын жіп, арқан. Басқұр астында қалады. Ауыспалы мағынасы - бір нәрсенің өзегі, басын қосып, біріктіретін зат. Мысалы, «Ас - адамның арқауы» секілді  ауыспалы мағынадағы сөз де бар. Ал «Астана-Арқау» - кәдімгі екі сөздің қосарлануы арқылы жасалған тіркес. «Күй-Ата», «Ел-Ана» сияқты. Қазіргі «Хан Шатыр» да солай.

Фестиваль «Астана Операда» өтеді. 
null null 

Соңғы жаңалықтар