Елордада «Түркі әлемі және Елбасы феномені» атты халықаралық жиын өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Халықаралық Түркі академиясы Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай «Түркі әлемі және Елбасы феномені» атты халықаралық жиын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алқалы отырысты Халықаралық Түркі академиясы 1 желтоқсанда аталып өтілетін – ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында ұйымдастырды.

«Елбасы - ҚР Тұңғыш Президенті - түркі әлемінің лидері. Былтыр Түркі Кеңесінің Құрметті төрағасы мәртебесі берілді және жоғарғы орденімен марапатталды. Соған орай түркі мемлекеттерінің ұлттық ғылым акедемияларының басшылары және Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілердің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен халықаралық конференция өткізгелі отырмыз», - дейді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.


Оның айтуынша, конференцияда Елбасының түркі әлеміне сіңірген еңбегі мен орны туралы айтылады.

«Елбасы тәуелсіздік алған жылдардан бастап түркі интеграциясына аса мән беріп келе жатыр. Ол тоқсаныншы жылдары Орталық Азия ынтымақтастығын құру туралы бастама көтергені белгілі. Сондай-ақ, Халықаралық түркі академиясының құрылуына бастамашы болған. Былайша айтқанда, түркі әлеміндегі барлық ынтымақтастық ұйымдардың негізін қалады», - дейді ол.

Алқалы басқосу Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбек, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жээнбек Кулубаев, Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уфук Екиджи, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, Қырғыз Республикасы ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұматаев, Әзербайжан Ғылым академиясының вице-президенті Иса Габиббейли, Өзбекстан ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Бахром Абдухалимов, Татарстан Республикасының Ғылым академиясының Татар энциклопедиясы және аймақтану институтының директоры Искандер Гилязов, сонымен қатар белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, танымал түркітанушы ғалымдар қатысты.




Соңғы жаңалықтар