Елордада туристік фотоалаң пайда болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада туристерге арналған «Neo Nomad - 2022» акциясы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Туристерге арналған жаңа жоба «Neo Nomad 2022» (заманауи көшпенді) деп аталады. Турист бір жылдың ішінде еліміздің 20 аймағына барып, арнайы қойылған жиектеменің (рамка) алдында суретке түсуі тиіс. Солайша 20 фотосурет жинаған туристке «Заманауи көшпенді» мәртебесі мен естелік сыйлық табыс етіледі. Тағы бір талап фотосуреттерді Facebook, Instagram әлеуметтік желілеріне арнайы #NeoNomad2022 хэштегімен жариялау қажет. Бүгін арнайы фото алаң Нұр-Сұлтан қаласында алғаш ашылып отыр. Алдағы уақытта барлық 20 өңірде болады», - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Оның айтуынша, аталған акция өңірлерде жергілікті әкімдік есебінен жүзеге асырылады.

«Осындай фото жиектеме (рамка) таяу арада басқа өңірлерде пайда болады деген үміттемін. «Neo Nomad» жобасының мәні – туристердің көңілді, біртекті фотосуреттерін әлеуметтік желі арқылы жиі жариялау. Бір жағынан - туристік PR қадам», - дейді ол.

Қазақстан бойынша локациялар тізімі:

1. Нұр-Сұлтан қаласы - «Бәйтерек» монументі;

2. Алматы қаласы- «Шымбұлақ» тау курорты;

3. Ақмола облысы - Зеренді көлі;

4. Ақтөбе облысы - Ақтолағай үстірті;

5. Алматы облысы - Таңбалы петроглифтері;

6. Атырау облысы - Сарайшық қалашығы;

7. Батыс Қазақстан облысы – Көпестер үйі (Орал қаласы);

8. Жамбыл облысы - Айша бибі кесенесі;

9. Қарағанды облысы - Қарқаралы МҰТП;

10. Қостанай облысы - Науырзым қорығы;

11. Қызылорда облысы - «Қорқыт Ата» мемориалдық кешені;

12. Маңғыстау облысы - «Көгілдір шығанақ»;

13. Түркістан облысы - Сауран қалашығы;

14. Павлодар облысы - «Кемпіртас» жартасы «Баянауыл» МҰТП;

15. Солтүстік Қазақстан облысы - Имантау көлі;

16. Шығыс Қазақстан облысы – «Берел» мұражай-қорығы;

17. Шымкент қаласы - «Цитадель» тарихи кешені;

18. Абай облысы – Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени кешені;

19. Жетісу облысы - Жасылкөл көлі;

20. Ұлытау облысы - «Жошы Хан» тарихи-мәдени орталығы.


Соңғы жаңалықтар