Елордада тұрғын үй құрылысының қарқыны бәсеңдей ме

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алдағы үш жылда елордада 2 млн шаршы метрден баспана салынады. Бұл туралы Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана қаласының экономикасын ескеретін болсақ, басым бөлігі сервистік қызмет түріне жатады, яғни қызмет көрсету мен сауда-саттық салалары жақсы дамыған. Дегенмен, құрылыс саласын экономиканың басты драйвері ретінде қарастыруға болады. Өйткені бұл салада қала бойынша 100 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. ІЖӨ-нің 8-9 пайызын құрылыс саласы құрап отыр. Жанама салаларды алатын болсақ, бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Осы орайда жиһаз өндірісі, құрылыс заттары, базарлар, логистика компаниялары құрылыс саласының айналасында қызмет етіп отыр», - деді Б. Жолболдиев құрылыс саласын тақылау үшін Сенат депутаттарымен кездесу кезінде.

Оның айтуынша, соңғы екі жылда елорда бойынша жыл сайын 3 млн шаршы метр көлемінде тұрғын үй пайдалануға беріліп жатыр. Бұл тұрғыда бизнес және басқа да ғимараттардың құрылысы есепке алынбай отыр.

«Қала аумағында инфрақұрлым желілерін тартып үлгермей жатыр. Сондықтан алдағы жылдары 2 млн шары метрге дейін төмендету бойынша шешім қабылданып отыр», - деді Бейсен Жолболдиев.

Қалалық Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, 3 жыл ішінде елордада 6,135 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл тамыз айында Астана әкімі Алтай Көлгінов елордадағы тұрғын үй құрылысының қарқынын бәсеңдетуді ұсынды.



Соңғы жаңалықтар