Елордада тұңғыш экологиялық театр ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астанада Қазақстандағы тұңғыш экологиялық театр ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«EcoQolday» деген ат алған балалар театрының ашылуына Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының өкілдері, ӨКМ операторы, мен елорда мектептерінің оқушылары, экобелсенділер мен ата-аналар қатысты.

Мамыр айында театр көрермендерге экологиялық ертегіге негізделген екі спектакль ұсынуды жоспарлап отыр. Спектакльді көруге немесе актерлік шеберлік курстарына қатысуға билет сатып алудың жолы оңай. Ол үшін макулатура, пластик және шыны қалдықтарын сұрыптап, қайта өңдеу орындарына тапсыру керек. Сондай-ақ, инклюзивті білім беруді дамыту аясында театр жанынан «Эко-шеберхана» әлеуметтік жобасы іске қосылып отыр. Бұл жоба аясында жас ұрпақтың бойына тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап төгу мәдениетін сіңіру көзделген.

«EcoQolday» жобасы ӨКМ операторының бастамасымен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, «Жас Ұлан» РҚБ, «Адал Ниет» қоры мен «Clean City NC» компаниясының қолдауымен іске асырылып отыр.

«Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Ақнұр Тұрдалиева жобаның негізгі мақсаты – жас ұрпаққа экосаналы өмірді насихаттау, экологиялық тәрбие беру, қоқысты сұрыптау бойынша қызықты ақпараттарды түсіндіру екенін айтады.

«Бүгінгі іс-шара Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауы арқасында жасалып жатыр. «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері» операторы серіктес ретінде көмек көрсетуде. Гранттық қаржыландыру арқылы іске асырып отырмыз. Театрдың тұрақты ғимараты жоқ. Сахнасы көшпелі деуге болады. «Гринэйктердің басынан кешкендері» дейтін бес кітап екі тілде шығарылған болатын. Экология, қоқысты сұрыптау тақырыбына арналған ертегілер жинағы бұл. Театр қойылымдары сол ертегілердің сюжетіне құрылады», - дейді жоба жетекшісі.

Оның айтуынша, келешекте театрдың сүйемелдеуімен мектептер арасында экология тақырыбын қамтыған сюжеттер мен спектакльдердің байқауы ұйымдастырылмақ.

«Жарыс екі тілде болады. Сюжеттер мен сценарилер екі тілде жазылады. Бұл спектакльдерге екі айдай дайындалдық. Қазір театр құрамына мектеп оқушылары мен Дельфи комитетінің актерлері мен режисерлері тартылған. Келешекте театрдың тәжірибесін өзге өңірлерге таратамыз. Қойылым инклюзивті білім ошақтарының шәкірттері үшін ақысыз болады», - дейді Ақнұр Тұрдалиева.

Жобаны ұйымдастыршы Ұлттық Дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова бүгінгі бірінші қойылымға Нұр-Сұлтан қаласындағы №83 мектептің оқушылары қатысып жатқанын айтты.

«Алдағы уақытта экспром-театр форматында жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Яғни, қөзге мектептердің де оқушылары келіп, екі-үш сағат ішінде спектакльдерге қатысады. Сол арқылы балалардың экологиялық білімін арттырмақшымыз.

Бүгін қойылымнан кейін балаларға арналған мастер сағаты өтеді. Ол шарада пластикалық бөтелкелерден гүл құмыраларын, өзге де көрнекі заттарды жасауды үйретеміз. Гүл егу және оны күтудің құпияларын да үйреніп шығады», - деді Ұлттық Дельфи комитетінің директоры.


Соңғы жаңалықтар