Елордада түн жарымында ресторанда көңіл көтерген 70 адам үйіне қайтарылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда полициясы карантин режимін бұзушыларды анықтауға бағытталған жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері қаулысындағы шектеулерге қарамастан кей азаматтар карантин режимін елемей, басқа тұрғындарға да қауіп төндіріп отыр.

Олар көңіл көтеру орындарына, дәмханалар мен мейрамханаларға баруын доғарар емес.

Мәселен, елорданың полиция қызметкерлері мониторинг топтың құрамында рейд өткізіп, оның барысында «ZOLOTO» мейрамханасында шамамен 70 адамның көңіл көтеріп отырғанын анықтады.

«Клиенттер мейрамханада әлеуметтік арақашықтықты және санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтамаған. Көңіл көтеру орнының иесі мен келушілер салынған тыйымға қарамастан төңірегіндегі адамдардың денсаулығына қауіп төндірген», - деп атап өтеді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінен.

Аталған көңіл көтеру орнына қатысты материал жиналып, санитариялық-бақылау басқармасына әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жіберілді.

Жалпы, өткен тәулікте мобильді топ 236 кәсіпкерлік субъектісін тексеріп, карантин режимін бұзудың 5 фактісін анықтады.

«Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті мекеме иелері мен келушілер тарапынан орын алып отырған немқұрайлылық инфекцияның таралуына алып келетіндігін ескертеді. Карантин режимін бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады», - деп ескертеді ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар