Елордада «Төле би» тарихи кинотуындысының тұсаукесері өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазмедиа» орталығында 10 сериалы «Төле би» хикаясының ықшамдалған нұсқасы тұңғыш рет көрермен назарына ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысының құрылуына бір жыл толуына орай түсірілген туындыны алғашқы болып елордалықтар тамашалады.

Телекикая қазақ тарихындағы үш бидің бірі саналатын Төле бидің бала кезінен бастап ел абызы атанған шағына дейінгі өмірін қамтыған.

«Сақ» кино студиясы мен «Оңтүстік фильм» компаниясының бірлескен жобасына Нұриддин Паттеев продюсерлік еткен.

«Бұл фильмнің басты кейіпкері Төле би болғанымен, сол кездегі заман тынысын, билер институтының бар кереметін көрсетуге тырыстық. Фильмде данагөй Төле бидің Тәуке хан, Қазыбек би, Әйтеке би, Бөгенбай, Қабанбай батырларлар секілді замандастарымен үзеңгілес болып, өз елінің, өз жерінің қамын жеген қаншама іс-әрекеттері кеңінен баяндалады. Тәуке ханның «Жеті жарғыны» жаңғыртар шағында бүкіл қазақ даласынан 12 төбе биді алдырған сәті бар. Яғни, туындыға сол тұстардағы қазақ тарихына әсері болған талай тұлғаның образы енді. Төле бидің кезінде Ташкент қаласын 4 рет жоңғарлар басып алған екен. Дана бидің бастауымен ылғи да қазақтар өзіне қайтарып отырған. Сол тартыстың бірі эпизод ретінде кірді», - дейді «Сақ» киностудиясының директоры Нұриддин Паттеев.
null

Түркістан облысы әкімдігінің бюджетіне түсірілген хикаяның әр сериясы 30 минуттан тұрады.

«Белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетов жобаға көркемдік жекетші ретінде атсалысты. Ал Мархабат Байғұт киноның тіл тазалығына жауап берді. Фильмге негізінен жергілікті актерлерді тарттық. Облыс бюджетіне түсірілгендіктен, елге танымал әртістерді шақыра алмадық. Оның үстіне облыс басшылығын актерлер құрамын мейлінше жергілікті мамандардан тартуды тапсырған. Төле бидің жас күнін Абзал Төлен есімді жас актеріміз ойнады. Ал абыз кезін түсірер кезде Абзалға түрі келетін актер таппай, біраз қиналдық. Ақырында режиссер Батырхан Дәуренбековпен ақылдаса келіп, Алматы облысынан Сағындық Жұмаділов деген әріптесімізді шақырдық», - дейді продюсер.
null

Хикаяның сценарий авторы - Бақытжан Құлжабай пен Шойбек Орынбай. Ал әуезбен әрлеген - композитор Руслан Шынықұлов.

Түркістан облысының бір жылдығы аясында Нұр-Сұлтан қаласында «Оңтүстік фильм» компаниясы мен «Сақ» киностудиясының бірнеше анимиацялық туындысы көрсетілмек. Ал «Төле би» хикаясының толық нұсқасы елорда күні қарсаңында «Хабар» арнасынан көрермендерге жол тартады.
null

Соңғы жаңалықтар