Елордада тіркелмей жұмыс істеп жүрген азаматтар қалай дауыс бере алады - Президент сайлауы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда әкімдігі Президент сайлауына байланысты үй аралайтын еріктілер мен полиция қызметкерлерінің жұмысына түсіністікпен қарауды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сайлаушылар тізімін нақтылау және өзектендіру мақсатында 2019 жылдың 15 сәуірінен 29-на дейін елордадағы ЖОО мен колледж студенттері қатарынан тартылған еріктілер (400) мен полиция қызметкерлерінің (400 адам) күшімен аулалық және пәтерлік аралау бойынша науқан ұйымдастырылады. Олардың жұмыс тәртіптері - сағат 18.00-ден 23.00-ге дейін болады. Ал демалыс күндері сағат 11.00-ден 18.00 аралығында еріктілер полиция қызметкерлерімен бірге аралайтын болады. Тұрғындардың аталған жұмысқа түсіністікпен қарап, көмек көрсетуді сұраймыз», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Азамат Ахмеджанов ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және елорданың сайлау учаскелерінде азаматтарды тіркеуді өткізу мәселелері жөніндегі қалалық әкімдіктегі брифингте.

Қала әкімдігінің өкілі еріктілерде арнайы бейдж-құжат (мөрі басылған) болатынын және олардың жанында міндетті түрде полиция қызметкері жүретінін ескертеді.

«Еріктілер азаматтардың тіркелу фактісі мен нақты тұратын жерін қарап, барлық тұрғындарды қайта жазып, мемлекеттік деректер базасымен салыстырады. Бұл деректер аудандық әкімдіктерде жинақталып, сайлаушылар тізіміне түзетулер енгізіледі», - дейді ол.

Азамат Ахмеджанов сонымен бірге елордада тіркеуі жоқ азаматтар қалай дауыс бере алатынын айтып берді.

«Қалада тіркеуі жоқ адамдар бойынша: біріншіден, басқа өңірлерден келіп, уақытша тіркеліп, жұмыс істеп жатқандар көп. Сол себепті, олар заңды негізде біздің аудандық әкімдіктерге хабарласып, өзінің өтініштерін қалдыруына болады. Біз ол тізімді алып, аймақтарға жіберіп, біздің учаскелерге қосамыз. Сондай мүмкіндіктер бар», - дейді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда 9 маусым күні өтетін кезектен тыс Президент сайлауында елордалықтар 304 сайлау учаскесінде дауыс бере алады.

Соңғы жаңалықтар