Елордада теннистен халықаралық турнир мәреге жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада ITF Men’s World Tennis Tour M15 Nur-Sultan сериясы бойынша екінші турнир мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, жүлде қоры 15 мың АҚШ долларына бағаланған додада Польша өкілі, 23 жастағы Михал Дембектің мерейі үстем болды.

Ол финалда италиялық Рикардо Бальзераниді 6:3, 7:6 (7:4) есебімен тізе бүктірді.

М.Дембек жарыс барысында әуелі қазақстандық Тимофей Скатовты жеңді, сосын тағы бір италиялық Маттео Донатиден басым түсіп, ширек финалда Беларусь теннисшісі Ярослав Шилодан айласын асырды. Жартылай финалда италиялық Франческо Фортиді 6:2, 6:0 есебімен ұтты.

«Бұл менің жекелей сындағы алғашқы жеңісім. Бәрі жақсы өтті. Ұйымдастырушыларға зор алғысымды айтқым келеді.

Бұрын Қазақстанда ITF сериясында жастар арасында өнер көрсеткен едім. Қазақ халқы қашанда қонақжайлылығымен ұнайды», деді М.Дембек.

Жұптық сында Беларусь өкілдері Я.Шило мен Иван Лютаревич үздік шықты. Олар соңғы екі аптада осымен екінші жеңісіне қол жеткізіп отыр. Бұл жолы финалда поляк дуэті Ян Войчик – Маре Войцехті 7:6, 7:6 есебімен қапы қалдырды.

Шымкентте әйелдер арасында ITF жарысы да аяқталды.

Мұнда финалда Беларусь өкілі Юлия Готовконы 7:5, 2:6, 7:6 (7:2) есебімен ұтқан ресейлік Анастасия Тихонова чемпион атанды. Бұдан бір апта бұрын Шымкентте соңғы бәсекеде Ю.Готовко А.Тихонованы жеңген болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бублик пен А.Голубевтің ширек финалға шыға алмағанын, З.Диястың Мельбурн турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар