Елордада тәулігіне 1 500-ден астам коронавирус жұқтыру жағдайы тіркеледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қаладағы эпидемиологиялық ахуалды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елордада COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі болып қалуда. Қалада «Дельта» (үнді) штамының таралуына байланысты теріс динамика маусымның бірінші онкүндігінен кейін байқалды. Қала бесінші ай қатарынан «қызыл аймақта» тұр», - деп жазылған департамент жауабында.

Биылғы шілде айында пандемия басталғалы 100 мың тұрғынға шаққандағы ең жоғары апталық көрсеткіш тіркелді және ол 915,9 құрады.

«Орташа тәуліктік тіркеу маусым айында 340 болса, шілде айында 1 500-ге дейін өсті. Соңғы 16 күнде тәулігіне 1 500-ден астам жағдай тіркелуде, жұқтырғандардың ең көп саны 14 шілдеде байқалды – 1 576 науқас анықталды. Жалпы сырқаттанушылықтың 80,6%-ын ересектер, балалар – 16,7%, жасөспірімдер – 2,8%. Атап өткен жөн, коронавирустың жаңа түрі – дельта штамы анағұрлым жұқпалы болуымен, қысқа инкубациялық кезеңмен ерекшеленеді және ауруханаға жатқызу мен өлім-жітімнің жоғары ықтималдығы бар, орта есеппен бұл штамды бір адамнан 5-6 адам жұқтырады», - деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.

Бүгінде қалада 16 инфекциялық стационар жұмыс істейді. Онда жалпы саны 3 912 төсек-орын бар.

Нұр-Сұлтан қаласы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сәйкес, инфекциялық стационарларда 2 816 науқас жатыр, бұл төсек-орын жүктемесінің 72%-ын құрайды. Оның ішінде 267 адам реанимация бөлімшесінде, өкпені жасанды желдету аппаратына 45 адам қосылған. Өткен тәулікте ғана қалада 347 адам ауруханаға жатқызылған, 313 науқас шығарылды.


Соңғы жаңалықтар