Елордада «Тау мен дала хикаясы» тақырыбында Айтматов оқулары өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордамыз Нұр-Сұлтанда Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен әлем әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматовқа арналған «Тау мен дала хикаясы» атты шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясына сілтеме жасап.

«Қырғызстан - Астана» этномәдени бірлестігінің бастамасымен өткен іс-шараға арнайы Қырғызстаннан келген жазушы, қоғам қайраткері, Шыңғыс Айтматовтың туған қарындасы Айтматова Розетта Төреқұлқызы қатысты.

Ауқымды іс-шара барысында Нұр-Сұлтан қаласындағы №79 мектеп-лицейінде Ш.Айтматовтың мұражайы ашылып, Р.Айтматова мұражайдың ашылу салтанатына қатысқан қауымға және мектеп оқушылары мен мұғалімдерге ағасы Ш.Айтматовтың өмірі туралы қызықты деректер айтып берді.

Шығармашылық кеш Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында қойылған Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» спектаклімен жалғасты. Актерлердің шынайы, шебер ойынына тамсанған спектакль көрермендері көздеріне жас алып, қойылымның ұйымдастырушыларына жылы лебіздерін білдірді.

Сондай-ақ, іс-шара аясында елордамыздың Достық үйінде «Шыңғыс Айтматов. Дәуір. Тұлға. Гуманизм» атты халықаралық эссе байқауы мен «Манас Ааламы» атты жас манасшылар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Ж.Түймебаевтың қатысуымен «Тау мен дала хикаясы» атты суретшілер көрмесі және қазақ-қырғызға ортақ тұлға Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығына арналған дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел барысында қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовты барша қазақ елі ерекше құрмет тұтып, жоғары бағалайтынын атап өткен Ж.Түймебаев: «Аты аңызға айналған Адамзаттың Айтматовы өмір бойы қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовті пір тұтып, замандастары Қалтай Мұхамеджанов, Мұхтар Шаханов, Олжас Сүлейменов, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртазамен достық қарым-қатынаста етене араласты. Қазақ елі қырғыз жазушысының шығармашылығын жоғары бағалап, Қазақстанның халық жазушысы атағын берді. Қазіргі сәтте Нұр-Сұлтан қаласында Ш.Айтматов атындағы көше бар. Арқа төріндегі бүгінгі кештің жүзеге асуы да халық жазушысына деген ерекше құрметтен туса керек» - деп түйіндеді.

Белгілі қоғам қайраткерлері, қазақ-қырғыз жазушылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен жастар қанатының өкілдері қатысқан бүгінгі іс-шараға жоғары баға беріп, Алатаудың екі бетін ен жайлаған қазақ-қырғыз халықтарының достығы нығая түсуіне септігін тигізетін осындай кешті ұйымдастырған елордалық Ассамблеяға, алғыс білдірді.

Айта кетейік, осыған дейін елордадағы мектепте Шыңғыс Айтматов мұражайы ашылатындығын хабарлағанбыз.

Соңғы жаңалықтар