Елордада танымал ғалым Мырзатай Жолдасбековтің кітаптары таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың «Ұлы Дала әдебиеті» және «Қорқыт Ата кітабы» атты кітаптарының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішісі.

Атап айтқанда, аталған екі басылым түркология саласына қосылған бағалы еңбектер саналады. «Қорқыт Ата кітабының» Мырзатай Жолдасбековтің Гүлім Шәдиевамен бірлесіп жасаған аудармасында әйгілі тарихи шығарма Дрезден нұсқасы бойынша тұңғыш рет қазақ тіліне толық аударылып, транскрипциясы мен сөздігі қоса ұсынылып отыр. Ал «Ұлы Дала әдебиеті» монографиясында көне түркі жазба ескерткіштеріне қатысты зерттеулермен қоса, қазақ ауыз әдебиетінің бірқатар мұралары туралы еңбектер қамтылған.

«Осы екі кітап менің өмір бойы зерттеп жүрген еңбектерім. «Ұлы Дала әдебиеті» кітабын халықтың сынына шығардым, бұл 60 жылғы еңбегім. Өте қуаныштымын, бір жинақталып, бір кітапта қамтылды. Ал екінші кітапқа тоқталсам, Гүлім Шәдиева қарындасыммен бірлесе бұрынғы түркі ескерткіштерін жаңашалау тәжірибемді пайдаланып, төрт жылдың бедерінде осы «Қорқыт Ата кітабын» қазақша жаңашалап шығардым», - деді М. Жолдасбеков.

Таныстырылым барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев ұлтымыздың рухани қазынасы тағы бір тағылымды әрі танымды еңбектермен толығып отырғанын атап өтті.

«Сондықтан «Ұлы Дала әдебиеті» кітабы асыл мұрамызды ұрпаққа аман-есен жеткізуде аянбай тер төгіп келе жатқан Мырзатай ағамыздың белсенді әрекетінің жемісі әрі жеңісі деп бағалаймыз. Жалпы, осы кітаптарды өскелең ұрпақ үшін баға жетпес рухани байлық дейміз. Осы еңбектер халықтың игілігіне жарай берсін деп тілек айтамыз», - деді Қ. Көшербаев.

Өз кезегінде Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев мәдениет, әдебиет және өнер, спорт салалары әрбір ұлтты, мемлекетті танытатын маңызды бағыт екенін атап өтті.

«Біздің ғалымдарымыз, тарихшыларымыз көбірек зерттеп, осындай еңбектерді жарияласа, онда біздің ұлтымыздың болашағына деген сенім мығым болады. Мырзатай ағаның кітаптары болашақ ұрпаққа арналған үлкен ғылыми еңбек. Бұл кітаптар біздің тарихымыз тереңде жатқанын айқын көрсетіп отыр», - деді Б. Сапарбаев.

Сонымен қатар осы шара барысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның құттықтау сөзін оқып берді.

«Тағылымы мол тағдырыңыз көпке үлгі. Егемен еліміздің сындарлы саясатын дамытып, беделін арттыруға, тарихын толғап, мемлекеттігін нығайтуға қосқан үлесіңіз зор. Адам өмірінің мағыналы да, мазмұнды тұстары дамылсыз атқарған еңбектің қастерлі белестері мен адамдық адалдығымен өлшенеді. Бүгінгі «Ұлы Дала әдебиеті» мен «Қорқыт Ата кітабының» жарыққа шығуы да сол бейнетті еңбек жолындағы жетістіктеріңіздің бағамы. Бұл туындыларыңыз терең зерделеніп, болашақ ұрпаққа тарту ретінде үлкен еңбекпен келген дүние екенін ұғынамыз. Осы жолдағы шығармашылық шабытыңыз сарқылмасын», - делінген Д. Назарбаеваның құттықтауында.

Соңғы жаңалықтар