Елордада тағы екі жерде туристік полиция бекеттері жұмысын бастайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ғашықтар саябағы» мен ЭКСПО аумағында жақын арада туристік полиция бекеттері ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Департаменттің хабарлауынша, туристік полицияның заманға сай үлгідегі стационарлық бекеттері шетелдік туристер жиі баратын орындарда орнатылған. Аталған қызмет сәуір айынан бастап іске қосылған. Туристік полицейлер шетел азаматтарының Нұр-Сұлтандағы қауіпсіздігіне жауапты.

«Мысалы, туристік полиция модульдерінің бірі қала тұрғындарының ғана емес, шетелдік қонақтардың да баратын «Бәйтерек» монументінде қызмет етеді. Туристік полиция қызметкерлері шет тілін меңгерген. Шетелдік қонақтарға көмек көрсетуге дайын. Оларға тек қана шетелдік қонақтар ғана емес, қала тұрғындары мен өзге өңірлерден келген қонақтар да жүгіне алады», - деп хабарлайды департаменттен.

Туристік полицейлер туристерге көмек көрсетуден басқа ақпараттық қызмет те көрсетеді. Нұр-Сұлтан қаласы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғұсман Жакиннің айтуынша, туристік полиция модульдерінің санын арттыру көзделген. Бұл жерде шетелдік қонақтардың ең жиі баратын нүктелеріне басымдық беріледі. Заманға сай модульдер жақын арада «Ғашықтар саябағы» (Тұран даңғылы бойында) және ЭКСПО аумағында орнатылады.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен туристік полиция модулі және жеке құрам барлық материалдық-техникалық құрылғылармен жабдықталған.

Қазіргі кезде Тәуелсіздік көшесінде (Бейбітшілік және келісім сарайы) және «Бәйтерек» монументінде туристік полицияның бекеттері тәулік бойы қызмет етеді.

Соңғы жаңалықтар