Елордада тағы бір саябақ пайда болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қырқүйекте өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі аясында елордада жаңа саябақ ашылады. Бүгін оның тұжырымдамасын әзірлеу бойынша конкурс жарияланды. Бұл туралы форумның ресми өкілі Назым Жанғазинова өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Съезді өткізу аясында Қазақстандағы түрлі конфессиялар мен этностар арасындағы бірліктің, ынтымақтастық пен достықтың символы болатын табиғи-рекреациялық парк салынады. Саябақ ел астанасын абаттандыру мен көгалдандыру ісіне де ықпал етеді», - деп жазды Назым Жанғазинова.

Осыған байланысты съезд хатшылығы мен елорда әкімдігі еліміздің сәулетшілерін, ландшафт дизайнерлері мен урбанист мамандарын Есіл бойынан орын тебетін саябақ тұжырымдамасын әзірлеу конкурсына қатысуға шақырады. Эскиздік ұсыныстар 20 тамызға дейін қабылданады.

Айта кетсек, елордада 14-15 қыркүйек күндері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев аталған шараға дайындық барысы жөнінде ақпарат берді.

Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысу үшін Рим Папасы Франциск Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Рим Папасы Францисктің 13-15 қыркүйекке жоспарланған Қазақстанға мемлекеттік сапарының бағдарламасын жариялаған болатын.


Соңғы жаңалықтар