Елордада тағы бір Арбат салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада тағы бір Арбат салынады. Жаңа қоғамдық кеңістік Республика даңғылынан Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрына дейін Омаров көшесінің бойында орналасқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

«Елордада тағы бір Арбат салынады. Жаяу жүргіншілер променады құрылысы бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жаңа қоғамдық кеңістік Республика даңғылынан Қ.Қуанышбаев атындағы Қаздрамтеатрге дейін Омаров көшесінің бойында орналасады. Жаяу жүргіншілер променады екі театр арасындағы аумақты байланыстырады. Республика даңғылы жағындағы фонтан қайта жөнделеді. Ол жылғаға қарай ағады. Ал сол жылға бойында балаларға арналған сумен ойнайтын элементтер орнатамыз», деп жазды қала әкімі Алтай Көлгінов Instagram-дағы парақшасында.


Бұған қоса Арбат аумағында аспалы әткеншек орнатылады. Балалар үшін жеке спорт және ойын алаңдары, тыныш аумақ, коворкинг орталық сынды тегін семинар мен тіл сабағын өткізуге арналған жеке зоналар жасалады.

«Көпір асты кеңістігі аумағында (Сарайшық даңғылы) балаларға арналған экоалаң мен аспалы саябақ жасамақшымыз. Бұл идеяны да осы жерде іске асырамыз. Бейбітшілік көшесінен Республика даңғылына дейін веложол саламыз. Мемлекет басшысы бұқаралық спорттың дамуына ерекше көңіл бөледі. Себебі кәсіби спорт пен салауатты өмір салтына дейінгі жол аула спорты – қоғамдық кеңістіктер мен аулалардан басталады. Олар әр адамға қолжетімді болуы тиіс. Биыл 54 ірі қоғамдық кеңістік пен 150 аула жасап, абаттандырдық. Бұның өзі ғана 300 мыңнан астам адамды қамтуға мүмкіндік берді. Бұл жұмыстарды келесі жылы да жалғастырамыз», – деп жазды Алтай Көлгінов.



Соңғы жаңалықтар