Елордада Сырбай Мәуленовті еске алу кеші өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада №37 мектеп-лицейде ақын, жазушы Сырбай Мәуленовті еске алу кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жаңа кезеңдерін жүзеге асыру мақсатында «Ұлы даланың Ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында өткен «Ұлт мақтаныштары» атты кездесуде елордалықтар бүгін ақынды еске алды. Кездесуге мәртебелі меймандармен бірге ақынның ұлы, заң ғылымдарының докторы Қасым Мәуленов те келді. Мектепке келген қонақтар Сырбай Мәуленовтің мектептегі музейімен танысып, білім ордасының үшінші қабатында ашылған «Тарихи тағзым» кабинетін де тамашалап қайтты.

«Бүгін ақын Сырбай Мәуленовтің туған күніне орай №37 мектепте ақынды еске алу кеші өтіп жатыр. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты арнайы бағыты бар. Осы бағыт аясында ұлтымыздың ұлы тұлғаларын ұлықтап, бүгін ақын Сырбай Мәуленовті еске алып жатырмыз. Елордадағы №37 мектепті аралап көрдік. Ақынның музейі де ашылыпты. Үшінші қабатта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өздерінің шағын кабинеттері бар екен. Сол кабинетте қазақтың ұлттық дәстүріне сай тұрмыстық заттары қойылған», - деді шара барысында «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша директоры Үкібай Нұрпеисов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда «Тарихқа тағзым» атты арнайы кабинет қаланың 7 мектебінде бар. Алдағы уақытта қазақ тарихын ұлықтап, насихаттайтын осындай кабинет шаһардың басқа 87 мектебінде ашылатын болады.

Айта кетсек, Нұр-Сұлтандағы №37 мектеп-лицей ақын Сырбай Мәуленовтің атында.

Сырбай Мәуленов (1922-1993) ақын, жазушы. Тұңғыш өлеңі Жамбыл облысы «Колхозшы» газетінде 1937 жылы жарияланған. «Сырбай Мәуленовтың өлеңдері» атты алғашқы жинағы 1948 жылы жарық көрген. С. Мәуленов — қырыққа жуық жыр жинақтың авторы. Өлеңдері қазақ поэзиясының лирика жанрын дамытуға елеулі үлес ретінде қосылды. Шығармаларында туған жер, замандас және оның жасампаз еңбегі жарқын жырланады. «Жолдас» (1954), «Жас жүрек» (1956), «Жол үстіндегі жалындар» (1963), «Жұлдыз жырлар» (1963), «Қызыл арша» (1969), «Боз қырау» (1976), «Тау гүлдері», «Шалқар», «Жалын» (үшеуі де 1979), «Жаңбырсыз күз» (1980) жинақтарының авторы. Ақын кітаптары сыншылар тарапынан жоғары бағаланады.

Соңғы жаңалықтар