Елордада суға кеткен ерлі-зайыптыларды құтқарғандар марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада суға ағып бара жатқан ерлі-зайыптыларды құтқарған азаматтар марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін ТЖ комитетінің төрағасы, генерал-майор Владимир Беккер ерлік жасаған батырларды салтанатты түрде құттықтап, марапаттады. Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД «Есіл» ауданы ТЖ басқармасының аға инженері Диас Заку мен ҚР ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институтының курсанты Серік Аманжолов «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен, ал балықшы Руслан Жәми ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың алғыс хатымен марапатталды.


Владимир Беккер қызметкерлерге үздік жұмысы үшін алғыс айтып, алдағы қызметіне табыс тіледі, сондай-ақ Руслан Жәмиге адамдарды құтқару кезінде көрсеткен қырағылығы мен жанқиярлығы үшін ризашылығын білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, 10 шілде күні елордалық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері суға батып бара жатқан ерлі-зайыптыларды құтқарған болатын.

Өзенге ағып бара жатқан ер адам мен бойжеткенді көрген құтқарушылар ойланбастан суға қойып кеткен. Ағып бара жатқан келіншекті қуып жетіп, жағаға шығарған соң олар ер адамды құтқару үшін қайтадан суға секірді. Жігітті құтқаруға оқиға орнына жақын маңда балық аулап отырған балықшы көмекке келді. Ол да құтқарушылармен бірге суға сүңгіді.

Кейін белгілі болғандай, әйелді құйылма бөгетте ағыс ағызып әкеткен. Оны көрген жігіт келіншегін құтқару үшін суға секірген. Оны да дәл осы жерде қатты ағыс иірімге қарай тартып әкеткен. Құтқарушының, курсант пен балықшының кәсіби және жедел іс-әрекетінің арқасында ер адам құтқарылды.

Соңғы жаңалықтар