Елордада су тасқыны бола ма - ТЖД жауап берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл елордада былтырмен салыстырғанда төрт есеге жуық көп қар жауды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көктемгі су тасқынына дайындық аясында 25-27 ақпан аралығында Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаменті «Көктем-2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізеді.

«Елорданы су басатын-баспайтынын айту үшін бірнеше факторды ескеру керек. Біріншіден, ол жауған қардың көлеміне байланысты. Биыл қар былтырмен салыстырғанда төрт есеге жуық көп жауды. Екіншіден, қардағы ылғалдың деңгейіне байланысты. Қардың ылғалдылығы былтырмен салыстырғанда 20-40% жоғары. Осы тұрғыдан қарағанда қауіп бар», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықов.

Ол су тасқыны күзгі топырақтың ылғалдануына да байланысты екенін айтты.

«Үшіншіден, күзгі топырақтың ылғалдануына байланысты. Топырақтың ылғалдануы былтырмен салыстырғанда төмен. Бұл - жақсылықтың нышаны. Төртіншіден, жерге тоң түсуіне де байланысты. Тоңның қатуы да былтырмен салыстырғанда төмен. Қазіргі уақытта жерде 50-52 мм тоң бар. Қазақта «Күндіз - киіз, түнде - мүйіз» деген мақал бар. Егер қар түнде қатып, күндіз еритін болса және ауа райы бірден жылып кетпейтін жағдайда су тасқыны кезеңінен біртіндеп шығып кетуге болады», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар