Елордада «Спутник Лайт» препаратымен ревакциналау басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада «Спутник Лайт» препаратымен ревакциналау басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.


Осыдан бірер күн бұрын препараттың 10 мың дозасы бас қалаға жеткізілген болатын. Ол тұрғындар саны ескеріле отырып, вакцинация пунктеріне бөлінді.

Жексенбі күні №2 қалалық емханада мәдениет мекемелерінің 50-ге жуық қызметкері ревакциналаудан өтті. Жалпы, қаладағы Мәдениет басқармасына қарасты барлық мекеме қызметкерлері бүгінде 100 пайыз вакцина алған. Алдағы уақытта барлығы ревакциналаудан толық өтпек.
«Бізде ұжымда вакцина 100 пайыз алынды. Денсаулығына байланысты дәрігер рұқсат етпегендер бар. Бірақ басқалары түгел алдық. Карантин шаралары міндетті түрде сақталады. Біз өнер адамдары болғаннан кейін халықпен көп араласып, ел жиналатын жерде жүретіндіктен, өз денсаулығымызға міндетті түрде мән беруіміз керек», – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы директорының орынбасары Олжас Сыдықбек.
Театр директоры Айболат Жаудыр да бүгін қайта егу науқанына келді. Оның айтуынша, осыған дейін екпенің екі компонентін алғанда коронавируспен ауырмаған.
«Өнер адамдары барша халықты вакцина алуға және ревакциналаудан өтуге шақырамыз. Себебі ұжымдық иммунитетті қалыптастырмай коронавирусты жеңе алмаймыз. Бір ортаға бару үшін де ол жердегі адамдардың қауіпсіздігі үшін өзіміз де вакцина алуымыз керек», – деді М.Горький атындағы Мемлекеттік орыс драма театрының директоры Айболат Жаудыр.
Бүгін дәл осы емханада 50-ге жуық адам қайта екпе салдырды. Мамандардың айтуы бойынша, халықтың белсенділігін әлі де арттыру қажет. Сол себепті дерттен сақтанудың жалғыз жолы вакцина болып тұрғандықтан, ел алдында жүрген белгілі адамдарды үлгі ету арқылы осындай шара ұйымдастырылды.
Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасына қарасты 12 мекеме бар. Онда 1900 қызметкер жұмыс істейді.


Соңғы жаңалықтар