Елордада спорттық-медициналық орталық ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада алғаш рет спорттық-медициналық орталық ашылмақ. Бұл туралы қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елорда спортшылары 2014 жылдан бастап №5 қалалық емханадан тексеруден өтіп жүр. Спортшылар жарыс алдындағы медициналық тексеруден емханада көпшілікпен бірге өтеді. Бұл өз кезегінде спортшыларға қолайсыздықтар туғызып, олардың дайындығы мен сауықтыру процесі сапасына әсер етеді. Осы себепті спортшылар қала әкімімен кездесуде бөлек медициналық мекеме беруді сұрады. Ұсыныс қолдау тауып, биыл елордада тұңғыш рет арнайы спорттық-медициналық орталық ашылатын болды», - деді Самат Ерғалиев.

Оның сөзінше, орталықта спортшыларға тереңдетілген медициналық тексерулер жүргізіледі.

«Спорттық-медициналық орталық спортшылардың оңалуы және денсаулығын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, спортшылардың денсаулығын қадағалап, жарақат алған жағдайда емдеу үшін білікті дәрігерлерді тарту қолға алынып жатыр. Және спорттық дәрігерлермен қатар психолог, массажист және спортшылардың тамақтануын қадағалайтын мамандар болады», - дейді ол.

Айта кетсек, бұған дейін астаналық балалар мен жасөспірімдердің спортпен тегін түрде шұғылдана алатындығы хабарланған болатын.

Сондай-ақ, басқарма басшысы С. Ерғалиев биыл елордада қандай спорт нысандарының ашылғаны жайлы айтты.



Соңғы жаңалықтар