Елордада Сотқа дейінгі татуласу орталығы ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада Татуласу орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Орталық жұмысын қалалық сот пен қала әкімдігі іске қосып отыр. Ол дауларды сотқа дейін реттеу институтын жетілдіруге және жария етуге бағытталған.

Орталықты салтанатты түрде ашуға Нұр-Сұлтан қалалық сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаев, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Наиль Ахметзакиров, судьялар, Кәсіпкерлер палатасының, құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері кәсіподағының, ПИК өкілдері қатысты.

«Сот практикасы көрсетіп отырғандай, даулардың көпшілігі еңбек, неке және отбасы, тұрғын үй және залалды өтеуге қатысты болып отыр. Осындай дау-дамайлар сотқа жетпей шешілуі мүмкін», - деді Т. Бәрпібаев.

Н. Ахметзакиров Орталықтың ашылуын елорда тұрғындары үшін айтулы оқиға деп атады. Ол Елбасының медиация институтын жетілдіру бойынша міндеттер жүктеп отырғанын атап көрсетті. «Кез келген адам осы жерде медиаторлардың қызметін тегін пайдалана алады. Орталық адамдардың түйткілді мәселелерін шешуде қазіргі заманғы технологияны қолдануда. Ал халық соттарды аралап әуре болмай, өз мәселелерін шешуге мүмкіндік алады», - деді ол.

Орталық «бір терезе» қағидатымен қызметтер көрсетуге негізделген. Мұнда соттарға балама ретінде медиациялық келісімдерді жасасу жөнінде халыққа кешенді қызмет көрсетілетін болады. Тараптарды татуластыру үшін барлық жағдайлар жасалған. Мұндағы қолайлы ахуал жарасымды әңгіме-дүкен құрып, өзара тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Ал балалар үшін осы жерде ойын алаңы да ұйымдастырылған.

«Бұл жерде өтініштің сипатын, даудың санатын, проблемалы мәселелерді реттеу тәсілдерін анықтаудан, медиаторларды таңдаудан бастап медиациялық келісім жасауға дейінгі тиісті көмек көрсетілетін болады. Сонымен қатар Орталық дауды тез бітіруге, адамдардың мәселелерді шешудегі мәдениетін арттыруға, моральдық және материалдық ауыртпалықты, қоғам ішіндегі құқықбұзушылықтар мен жанжалды жағдайларды азайтуға мүмкіндік береді», - деді соттан.

Соңғы жаңалықтар