Елордада соңғы үш күнде тәулік сайын 150 адамнан КВИ анықталып отырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 3 айдан бері дәрігерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта елордада эпидемиологиялық ахуал нашарлады. 17 маусымдағы жағдай бойынша 2 951 коронавирус инфекциясы жағдайы тіркелді. Инфекция жұқтырушылардың саны өсуде. Дәрігерлерге, медбикелерге және коронавирус инфекциясымен жұмыс істейтін барлық басқа қызметкерлерге үлкен міндет жүктелді. 3 айдан бері дәрігерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр», - деді С. Қисықова Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы 3 күнде әр күн сайын орта есеппен 150-ден астам коронавирус инфекциясына шалдығу фактісі тіркелуде. Олардың 50 пайызы індеттің белгілері жоқ түрімен ауыратындар.

Сонымен қатар ол зертханалар қызметіне өте үлкен жүктеме түсіп жатқанын, тестілер аурудың белгілері бар және инфекция жұқтырғандармен жақын байланыста болғандарға қажет екенін жеткізді.

«Тестілердің тапшылығына жол бермеу үшін, сондай-ақ нәтижелерді жедел өңдеу үшін өзге адамдарға тест тапсырудың қажеті жоқ», -деді С. Қисықова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елордада 20 астам вирусолог коронавирус жұқтырды.

Бұрын қалада бір ғана зертхана болса, қазір күніне 5 мыңға дейін тест өткізетін 8 зертхана бар. 17 маусымдағы жағдай бойынша шамамен 170 мың тест өткізілді. Қазір 40 мыңнан астам тест қолжетімді.


Соңғы жаңалықтар