Елордада сиямен салынған Корея кескіндеме өнерінің көрмесі ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Корея Республикасы елшілігі Корей мәдени орталығының ұйымдастыруымен елордадағы Ұлттық музейде «Sumukhwa Monologue» атты сиямен салынған кескіндеме көрме ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрмеде Кореяның Чолла-Намдо провинциясы мен басқа да өңірлерден бейнелеу өнері шеберлерінің туындылары ұсынылған.

Сиямен салынған туындыларда табиғаттың әдемі көріністері бейнеленген және онда әлемнің пайда болу жаратылысының философиясы секілді тақырыптар қозғалады.

«Бүгінде Қазақстан – Корея қарым-қатынасы жыл санап нығайып келеді. Екі ел арасындағы достыққа негізделген байланыс саясаттан бөлек, мәдениет саласында да көрініс тауып отыр. Жыл сайын екіжақты жүздеген іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Корея халқы өнерінің көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, біздің музей аталған елдің ғылыми ұйымдарымен бірлескен жобаларды қолға алды. Атап айтқанда екіжақты ғылыми ұйымдардың қатысуымен археология және мәдени мұра саласында зерттеу жобалары жүзеге асып жатыр. Бүгінгі көрменің ашылуы да сол мәдени қарым-қатынастың бір көрінісі. Бұл көрмеден елорда тұрғындары мен қонақтары корей елінің бейнелеу өнерінің шығармаларымен таныса алады», - деді ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатыбалдин көрменің ашылуында.

Аталған көрмеге 28 кескіндеме туынды қойылған.

«Алдымен бүгінгі шараға қатысып отырған барша қонақтарға алғысымды білдіремін. Сонымен қатар осы көрмені ұйымдастыруға ұйытқа болған Ұлттық музей ұжымына ризашылығымды жеткізгім келеді. Бүгінгі «Сумукхва монологы» атты көрменің мақсаты – қазақстандықтарды корістердің дәстүрлі сия кескіндеме өнерімен таныстыру. Яғни бұл жерде дәстүрлі кескіндеме техникасымен үйлескен заманауи элементті үлгідегі жұмыстар ұсынылып отыр. Айтулы мәдени шара ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның Корея Республикасына сапары алдында ұйымдастырылуы ерекше мәнге ие. Сондай-ақ, көрменің ашылуы корей халқының еркіндік алу күніне сәйкес келіп отыр. Өнер туындылары көрмеге келушілерге жылулық сыйлайды деп сенемін», - деді Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ку Хонг-сок.

Ұлттық музейдегі «Sumukhwa Monologue» көрмесі 17 қазанға дейін жұмыс істейді. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар музейге келушілерге «Ashyq» мобильді қосымшасы арқылы кіретінін еске салады.


Соңғы жаңалықтар