Елордада сирек кездесетін өсімдіктерге қатысты жауапкершілік күшейтілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласын көгалдандыру және жасыл желекке бөлеудің жаңа қағидалары әзірленді. Бұл туралы Астана қаласы қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін басқарма басшысы қоғамдық кеңес отырысында «Астана қаласының аумағында жасыл желектерді құру, күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бекіту туралы» жоба мәслихат қарауына ұсынылатынын айтты.

Оның айтуынша, аталған жоба «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» заңға және экология, геология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығымен бекітілген елді мекендерді жасыл желектерді құрудың, күтіп – ұстаудың және қорғаудың үлгілік қағидаларына сәйкес әзірленді.

«Осы іске бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауапты болған. Өткен жылдан бастап аталған функция Экология министрлігіне берілді. Жаңа жоба талаптарына келсек, жасыл желекті дамытуды ғылыми ұйымдардың ұсынымдары негізінде елорданың аудандық әкімдік аппараттары жүзеге асырады. Сондай-ақ, Астана қаласының бас жоспарына сәйкес көгалдандыру объектілері ортақ пайдаланылатын жерлерде құрылады деген толықтыру енгізілді», - деді Әлия Қожаева қоғамдық кеңес отырысында.

Басқарма басшысы айтқан тағы бір жаңашылдық, көгалдарда автокөлікті қоюға тыйым салынды.

«Сол сияқты сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктер мен жасыл желектерді кесуге уәкілетті органның рұқсат беруіне тыйым салынды. Осылайша ағаш және өсімдік түрлерін заңсыз кесу, оларды трансплантациялау бойынша жауапкершілік күшейтілді», - дейді ол.

Сондай-ақ, елорданы көгалдандыру жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғам талқысынан өткен.

Бұған дейін хабарлағанымыздай қоғамдық кеңес ақылы автотұрақтар мәселесін де көтерді. Талқылау барысында Астанада ақылы автотұрақтардың кірісінің тек 5% ғана бюджетке түсетіні белгілі болды.


Соңғы жаңалықтар