Елордада «Шығыстың шоқжұлдыздары» атты халықаралық конференция өтіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ҚР Парламент Сенатының төрағасының қатысуымен «Шығыстың шоқжұлдыздары» атты халықаралық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық түркі академиясы ұйымдастырып отырған шараға түркі тілдес мемлекеттің ресми тұлғалары мен ғалымдары, қоғам қайреткері қатысуда. Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген ҚР Парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатында түркі әлемінің алатын орны ерекше екенін атап өтті.

«30 жылдың ішінде еліміз әлемдік қауымдастықтың белді және белсенді мүшесіне айналды. Тәуелсіздік жылдары ұлттық негізімізге қайта оралдық. Тарихымызды түгендедік, мәдениетімізді түзеттік, ана тілімізді тұғырына қондырдық.

Осы жолда бұл бағыттың өркендеуінде «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» сияқты бағдарламалар үлкен серпін берді. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тұтас ұлттың санасын жаңғыртуға бағытталды», - деген спикер көпвекторлы сыртқы саясат бүгінде өз нәтижесін бергенін айтты.

«30 жылдың ішінде түркі елдерімен ынтымақтастағымыз жаңа биікке көтерілді. Бұл істе Елбасымыздың еңбегі ерен екені сөзсіз. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Түркі кеңесі, ТүркПа, Түрксой, Түркі академиясы секілді беделді ұйымдар құрылды. Жақында ғана Түркі кеңесі жанданып, оны Түркі мемлекеттерінің ұйымы ретінде қайта құру туралы тарихи шешім қабылданғанын бәріміз жақсы білеміз. Биыл наурызда Түркістан шаһарында Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өтті. Сол жиында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің мақсатымыз – түркі әлемін ХХІ ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру», - деген еді.

«Қазіргі таңда экономикалық ынтымақтастықты дамытудың маңызды екені түсінікті», - деді Мәулен Әшімбаев.

Оның айтуынша, экономикалық ынтымақ арқылы тұтас түркі кеңістігінің байланысын нығайтып, әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік туады.

«Сонымен қатар рухани үндестігімізді дамытуға да айрықша мән беруіміз керек. Бір кезеңде түркі жұрты білім мен ғылымның ірі орталығы болды. Түркі әлемі айтулы тұлғаларды өмірге әкелді. Әлем жұртының назарын аударды. Жаңа заманда да осы биікке көтерілуге бар күшімізді салуымыз керек. Осы жолда Президентіміз айтқандай, экономикамен қатар мәдени-рухани бағыттарға да үлкен мән беруіміз шарт», - деді Сенат төрағасы.

Шара түркі халықтары әдебиетінің классиктері Низами Гәнжауидің туғанына 880 жыл, Әлішер Науаидың туғанына 580 жыл және Юнус Эмренің дүниеден өткеніне 700 жыл толуына орай өтіп отыр.


Соңғы жаңалықтар