Елордада сенім телефонына хабарласқан 350 әйелге көмек көрсетілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының сенім телефоны бар. Жыл басынан бері осы сенім телефонына хабарласқан 350-ден астам әйелге құқықтық, психологиялық көмек көрсетілді. Бұл туралы Аntikor.live жобасында Нұр-Сұлтан полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы Гүлмира Шрахметова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Отбасылық, тұрмыстық салада сізге қандай да бір құқық бұзушылық жасалған болса – бірден 102 нөміріне хабарласыңыз. Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының сенім телефоны бар. 71-60-63 нөміріне ашық түрде де, аноним түрде де хабарласа аласыз. Жыл басынан бері осы сенім телефонына хабарласқан 350-ден астам әйелге құқықтық, психологиялық көмек көрсеттік», - дейді Нұр-Сұлтан полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы Гүлмира Шрахметова.

Оның айтуынша, көп әйел өзіне жасалған құқық бұзушылыққа көніп жүре береді.

«Көне берудің соңы қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін. Отбасылық жанжал тек әйелге ғана емес, отбасының басқа мүшелеріне де кері әсерін тигізеді. Анасының таяқ жегенін көру, нормативті лексикаға жатпайтын сөздерді есту баланың психикасына кері әсер етеді», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар