Елордада сегізінші қабаттағы карнизде тұрған жігіт құтқарылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда полицейлері сегізінші қабаттағы карнизге шығып алған 23 жастағы жігітті құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Оқиға 23 тамызда болған. Сағат 14:35-те «102» нөміріне «ер адамның сегізінші қабаттағы карнизге шығып алғаны және құлап кетейін деп тұрғаны» жөнінде хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің патрульдік полиция полкінің жасағы келіп жетті.

«Қайғылы оқиғаны болдырмау үшін полицейлер пәтерге төменгі қабаттағы көршілердің балконы арқылы кірмек болды. Пәтерге өткен полиция полкінің қызметкері Асан Қоманов ер адамды бөлмеге кіру керектігін сұрап тұрды, ал екінші полицей Жасұлан Қыздарбек жағдайды төменнен қадағалаған. Алайда жігіт тәртіп сақшыларының сөзіне құлақ аспады. Полиция қызметкері оны әңгімеге айналдырып тұрғанда, оның әріптесі пәтерге келіп жетті. Жігіт сөзге алданып қалған тұста тәртіп сақшылары оны аяғынан ұстап, пәтерге терезеден тартып кіргізіп алған. Осылайша, қала тұрғынын оқыс жағдайдан құтқарып қалды», - деп баяндады полиция департаментінің баспасөз қызметінен.


23 жастағы жігіт бірге тұратын әйелмен сөзге келіп қалған, кейін әйел оны пәтерде қалдырып, есікті сыртынан құлыптап кеткені анықталды. Ішімдік ішіп алған ер адам көшеге сегізінші қабаттағы балкон арқылы шықпақ болған.

Айта кетерлігі, оны құтқарған Асан Қоманов бұған дейін де біраз жақсылық жасаған. Ол ит қауып алған үш жасар баланы әкесімен бірге ауруханаға жедел жетуіне жәрдемдескен. Сондай-ақ бүған дейін Асан Қоманов пен әріптесі Абзал Жолмахановпен бірге көшеде пышағы бар мас адамды қарусыздандырған.


Соңғы жаңалықтар