Елордада санитария талаптары 5 шілдеден бері 570 рет бұзылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада қалың көпшіліктің санитария нормаларының сақталуы бойынша рейдтер жалғасуда, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Полиция қызметкерлері, эпидемиологтар, еріктілер мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінен құралған мобильді топтар карантин тәртібін бұзушыларды анықтау жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жалпы, 5 шілдеден бастап Нұр-Сұлтан қаласында 570 бұзушылық тіркелді. Оның 224-і маска тағу, әлеуметтік қашықтық сақтаудың міндетті талабын, 346-сы тыйым салынған уақытта қызметін жүзеге асырған кәсіпкерлік субъектілерінің карантин тәртібін бұзуымен байланысты.


Заңбұзушылықтар бойынша материалдар тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне берілді. Рейд кезінде полиция ойын-сауық мекемелерін, қоғамдық тамақтану орындарын, сауналар мен моншаларды тексеріп, иелеріне қазіргі карантин шаралары туралы ескертеді.

«29 шілде, түнгі сағат 1-де аумақты тексеру барысында Момышұлы көшесіндегі бардың бас санитария дәрігермен бекітілген ережелерді бұза отырып, жұмыс істегені анықталды. Бар келушілерге алкогольдік ішімдіктерді өзімен бірге алып кету бойынша қызмет көрсеткен. Сол күні мобильді топ Қабанбай батыр көшесінің бойындағы кофехананың түнгі уақытта жұмыс істегенін анықтады. Онда келушілерге кальян ұсынылған. Келушілерге ҚРӘҚБтК-тің 441-бабы бойынша жеті әкімшілік хаттама толтырылды. Ал мекеме әкімшісіне қатысты жиналған материалдар әкімшілік іс қозғау үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді. Сонымен қатар Бөкейхан көшесіндегі компьютер клубының 29 жастағы иесі 30-дан астам келушіні қабылдаған. Виртуалды ойыншылар қашықтық сақтамай, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзған», - деді Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.


Карантин тәртібін бұзушыларға 30-дан 230 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті азаматтарға карантин тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертіп, санитария нормаларын сақтауға шақырады.

Айта кетейік, полиция қызметкерлері мен еріктілер де карантин тәртібінің сақталуын пысықтады. Рейдтік шаралар «Шапағат» коммуналдық базарының маңында және «Ақжайық» саябағында өтті. Тұрғындар мен бизнес өкілдеріне міндетті түрде маска тағу, сонымен қатар әлеуметтік қашықтық сақтау туралы ескертілді.


Соңғы жаңалықтар