Елордада салық төлемегендердің тізімі жарияланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының Мемлекеттік кірістер департаменті жер, мүлік және көлік құралдарына салықты уақытылы төлеу қажеттігін еске салды. Кері жағдайда қарызбен бірге өсімін де төлеуге тура келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Салық қарызын өтемегендердің тізімі интернетте ашық жарияланатын болады.

Еске салайық, берешек пайда болғаннан кейін салық органдары 20 жұмыс күні ішінде жеке тұлғаның мекенжайына хабарлама жібереді. Егер хабарламаны ала отырып, қарызды 30 күннің ішінде өтемесе, салық органы оны өндіріп алу туралы бұйрық шығарады және 5 жұмыс күнінен кешіктірмей оны жеке тұлғаға жібереді. Салық бұйрығын алғаннан кейінгі 5 күнде де салық берешегін жаппаса, онда уәкілетті орган мәжбүрлеп орындату үшін сот орындаушыларына жүгінеді.

«Сот салық бұйрығын алған кезде борышты өндіріп алуды мәжбүрлеп орындату рәсімін бастайды. Оның барысында банк шоттарындағы мүлік пен ақшаға, елден тыс жерлерге шығуға тыйым салу қарастырылған. Салық берешегін өтеуден басқа, жеке тұлға қарыз сомасының кемінде 20% мөлшерінде сот орындаушысының қызметін де төлеуі қажет болады», - делінген әкімдік ақпаратында.

Салық қарызы бар елордалықтардың тізіміне 226 адамның аты-жөні енген. Онда тұрғындардың борыш сомасы 1 миллионнан 19 миллион теңгеге дейінгі аралықта.

Соңғы жаңалықтар