Елордада «Рухы мықты асыл ер» сайысы мәресіне жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада «Рухы мықты асыл ер» атты оқушылар сайысы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл көрнекті ғалым, абайтанушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ұлағатты ұстаз Қайым Мұхамедхановтың туғанына 105 жыл. Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, сондай-ақ «Руханият» КММ-нің ұйымдастыруымен қайраткердің рухына тағзым етуге арналған мектеп оқушылары арасында «Рухы мықты асыл ер» атты қалалық сайыс өтті.

Сайыстың мақсаты - біртуар тұлға Қайым Мұхамедхановтың өмір жолын зерделеу, ел үшін атқарған еңбегін кеңінен насихаттау, құнарлы тіліміздің өрісін кеңейтіп, ұлтына адал отансүйгіш жастарды тәрбиелеу.

Сайысқа қаланың 17 мектебі қатысып, қайраткер шығармашылығы бойынша өзара бақталасты.

Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі 3-ші орындарға 48 мектеп-лицейінің оқушысы Алима Қалиева, 87 мектеп оқушысы Ілияс Мықтыбек және 67 гимназия оқушысы Динара Ақмолдаева ие болды. Ал 76 мектеп лицейінің оқушысы Абылай Қайратұлы мен Дарынды қыз балаларға арналған «Білім инновация» лицей-интернатының оқушысы Алина Жазылған екінші орын алды. 1-орынға Әлкей Марғұлан атындағы 40 мектеп оқушысы Ерсайын Мейрамұлы лайықты деп танылса, Қайым Мұхамедханов атындағы 90 гимназия оқушысы Ибраш Нұрислам бас жүлдеге ие болды.

Жүлделі орындарға ие болған балалар дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Руханият» мекемесінің басшысы Мейрамғазы Сапарғалиев сайыстың мақсаты Алаш ардақтыларының ісін жалғастыру, Қайым Мұхамедхановтың өмір жолын зерделеу, оның еңбегін кеңінен насихаттау, қазақ тілінің өрісін кеңейту, отансүйгіш жастарды тәрбиелеу екенін атап өтті.

«Қаладағы барлық мектептен өтініш түсті. Оның ішінде сайысқа 17 мектептің оқушысын іріктеп алдық. Бүгінгі сайыста осы оқушылар бағын сынады. Бұл конкурс алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Негізгі мақсатымыз – жастардың өмірге деген көзқарасын дұрыс қалыптастыру», - деді М. Сапарғалиев.


Соңғы жаңалықтар