Елордада Рухани қазына республикалық фестивалі басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 21-23 мамыр күндері елордада Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің II «Рухани қазына» фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәдениет пен өнер саласы қызметкерлері күніне ұйымдастырылған бұл шараға республика өңірлерінен 250-ге жуық қатысушы келді.

«Мұнда музей, кітапхана және мәдениет үйлерінің қызметкерлерінің тәжірибе алмасатын алаңын құрғымыз келді. Қазақстанның барлық өңірінен келген мамандарға шеберлік сабақтарын өткіземіз. Сонымен бірге, мәдениет саласындағы қызметкерлерді ынталандыруды, өңірлік мәдениет ұйымдарының имиджін нығайтуды мақсат еттік. Мәселен, өткен жылғы фестивальдің нәтижесінде ауылдық жерлерде коворкинг-орталықтар ашылды. Мәдениет үйлерінде - жаңа үйірмелер мен жаңа форматтағы кітапханалар пайда болды», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Мақсат Арғынбеков.

Фестиваль аясында пленарлық отырыс, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан құрылған жас жазушылар мен ақындар кеңесінің отырысы, шеберлік сыныптары өтеді және сұхбат алаңары құрылады.

Сондай-ақ, шара барысында мемлекеттік музейлер мен мемлекеттік кітапханалар арасында өтетін республикалық «Рухани қазына-2019» байқауының нәтижесі жарияланып, үздіктер марапатталады.

Соңғы жаңалықтар