Елордада пышақталған мешіт қызметкерінің жағдайы өте ауыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанадағы мешіттердің бірінде бірнеше жерінен пышақ сұғылған азаматтың жағдайы өте ауыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы пациенттің қазіргі жағдайы туралы ақпарат берді.

«14 наурызда жедел жәрдем бригадасы науқасты №3 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізді. Пациент бірнеше жерден пышақ жарақатын алған, жағдайы ауыр. Науқасқа шұғыл ем жүргізілді. Қазір науқастың жағдайы өте ауыр. Пациентті аман алып қалу мақсатында реанимация және интенсивті терапия бөлімінде ем жалғасып жатыр», - дейді ведомстводан.

Хабарламада айтылғандай, науқасқа толық көлемде ем көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ, болған жайтқа қатысты Полиция департаменті түсінік берді.

«Аталған факті бойынша Астана қаласы Полиция департаментінің Сарыарқа аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеуді бастады. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Айыпты оқиға орнында ұсталды. Ол қазір уақытша ұстау изоляторында қамауда», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру мен өзге де деректер жария етуге жатпайды.

Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы оқиғаға күдікті мен оның әйелі арасындағы дау-жанжал себеп болғанын хабарлаған болатын.


Соңғы жаңалықтар