Елордада полиция мас жүргізушіні көлігіне оқ атып тоқтатты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда полицейлері түнгі уақытта мас жүргізушіні қуып жүріп ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

7 сәуір күні сағат 03:52-де полиция қызметкерлері Тәуелсіздік даңғылы бойымен келе жатып, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған Citroën көлігін байқады. Көлікте мемлекеттік тіркеу нөмірі де болмаған.

Полицейлер көлікті тоқтатпақ болды. Алайда жүргізуші тоқтаудың орнына, керісінше жылдамдықты қосты. Осыдан соң патрульдік полиция жасақтары көлікті қуа жөнелген.

Жүргізуші полиция қызметкерлерінің көлікті тоқтату туралы заңды талабын орындамай, қашып отырып Көктал шағынауданына қарай бұрылды. Патрульдіктер көлікті Тілендиев даңғылында оны қоршап алады, алайда жүргізуші заңсыз әрекетін тоқтатпай, полиция көлігіне қарсы қозғалды.

Жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндірмеу үшін полиция қызметкерлері қызметтік қару қолданып, көлік дөңгелектерін жарып тоқтатқан. Қару қолданудан ешкім зардап шеккен жоқ.

Көлік жүргізген 21 жастағы ер адам қамауға алынды. Сараптама қорытындысы оның мас күйінде болғанын көрсетті. Тексеру барысында көліктен ресейлік мемлекеттік тіркеу нөмірі табылды. Жас ер адамның бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Тәртіп бұзушыға қатысты бірден 19 әкімшілік хаттама толтырылды.

Көлік айыппұл тұрағына қойылды. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен тәртіп бұзушы 20 тәулікке қамауға алынды, сонымен қатар 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.


Соңғы жаңалықтар