Елордада полиция қалтаға түскіш әккі ұрыны ұстады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Полицияға қалтасындағы заты жоғалған тұрғындар шағым түсірді. Барлық ұрлық автобуста немесе аялдамада болған. Қалта ұрысы мұндай жерлерде адам көптігін пайдаланып, жолаушыға жақындап, сәті түскен кезде сөмке мен сыртқы киім қалтасынан телефон мен әмиянды ұрлаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бірнеше рет арыз түскеннен кейін жедел қызметкерлер бірден қоғамдық көлік маршруты мен аялдамаларды тексере бастады. Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері қылмыс үстінде 30 жастағы күдіктіні ұстады.

Күдікті бұрын ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотталған болып шықты. Полицейлер оның бес рет қалтаға түскенін анықтады. Қазіргі кезде оның астана аумағындағы басқа ашылмаған қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы тексеріліп жатыр.


Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК-ның 188-бабына сәйкес сот алды тергеу жүріп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Елорданың полиция департаменті азаматтарды мұқият болуға шақырады. Қалта ұрылары қарбалас сәтті пайдалануға тырысады. Олар ұялы телефон мен әмияндарды ұрлайды.

Полицейлер адам көп жерлерде жеке затқа мұқият болуды, сөмкені назардан тыс қалдырмауды, құнды заттарды оңай алынатын жерде сақтамауды ұсынды. Күдікті адамды байқаған жағдайда, бірден 102 нөмірі немесе полицияның ұялы қосымшасына хабарласу керек.


Соңғы жаңалықтар