Елордада полицейлер 4-ші қабаттан секірмек болған ер адамды құтқарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Оқиға Жансүгіров көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйде орын алған. Ер адамның жоғары қабаттан секірмек болғанын көрген куәгерлер полицияға қоңырау шалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментіне сілтеме жасап.

Оқиға орнына келіп жеткен патрульдік полиция полкінің инспекторлары – аға лейтенант Руслан Бүркітбаев пен лейтенант Жасұлан Құмарханов үй балконының таянышында отырған ер адамды көрді.

Полицейлер үйге кірген. Ал пәтер ішінде ер адамның әкесі жүрген, ол баласын төменге секірмеуге көндіруге тырысты. Полицейлер де ер адамды әңгімеге тартты. Сондай-ақ, оқиға орнына құтқару қызметкерлері келіп, әлгіні балкон таянышынан ішке қарай итере бастаған. Полицейлер сол мезетте ер адамды қапсыра ұстап, ішке тартып алды.

Құтқарылған 33 жастағы ер адам медициналық қызметкерлерге тапсырылды.

«Біз күйзелісте жүрген адамның қандай әрекетке баратынын білмегендіктен, жағдайға қарай әрекет жасадық. Оның төменге секірмеуі үшін бар күшімізді салдық», - деді Р.Бүркітбаев.

Бұл полиция қызметкерінің қызмет жүргізу кезіндегі бірінші ерлігі емес.


Соңғы жаңалықтар