Елордада отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты 14 мыңнан астам шағым түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астаналық полицейлерге биыл 10 айдың ішінде отбасылық күш көрсетуге қатысты 14 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық өзекті мәселелердің бірі. Карантин шектеулері енгізілгеннен бастап тұрмыстық кикілжіңдер, атап айтсақ мас күйінде жасалатын құқықбұзушылықтардың саны артты. Биылғы жылдың 10 айында «102» арнасына отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты 14 мыңнан астам шағым-арыз келіп түсті», - делінген хабарламада.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жыл басынан бері отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты 3168 азамат әкімшілік жауапқа тартылды.

«Болған жайттардың 40%-ы денсаулыққа жеңіл зиян келтірген ұрып-соғу (көп жағдайда мас күйінде жасалған) фактісіне қатысты. Ол бойынша 530-дан астам айыпты әкімшілік қамауға алынды. Осы орайда өткен жылдан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік айтарлықтай күшейтілгенін атап өткен жөн. Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекет үшін қамауға алу мерзімі 3 тәуліктен 5 тәулікке дейін ұзартылды», - деп хабарлайды аталған ведомство.


Соңғы жаңалықтар