Елордада отбасылық қолдау көрсететін орталық ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада отбасыларға заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсететін «Жанұя» орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық «Бір терезе» қағидатымен барлық қажетті қызметтерді біріктіреді. Атап айтқанда, астаналық тұрғындарды жұмыспен қамту, кәсіптік оқыту, балабақшаға кезекке қою туралы және мемлекеттік бағдарламалар бойынша толық ақпарат түсіндіріледі.

«Мемлекеттік органдар халыққа, әсіресе отбасыларға қызмет етуі тиіс Олар бір жерден барлық қызметтерді алу керек. Қала әкімі Алтай Сейдірұлы (Көлгінов - ред.) кәсіпкерлерді, демеушілерді тартып, 100 млн теңгеден астам қаражатқа осы ғимаратты қажет құралдармен қамтамасыз етті. Мұнда 50-ден астам мемлекеттік қызметтер көрсетілетін болады. Оған қоса, консультациялар, бизнеске баулу сабақтары жүргізіледі. Осылайша, азаматтарға өз шағын бизнесін ашу мүмкіндігі беріліп отыр», - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев орталықтың ашылу салтанатында.

Оның айтуынша, орталық халықты жұмыспен қамтуға да септігін тигізеді.

«Ең алдымен адамдарды оқытып, бір салаға бейімдеу маңызды. Әр адам өзі қалаған мамандықты оқиды және 16 мың теңге стипендия төленеді. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттің қолдауын пайдалану керек. Анау жоқ, мынау жоқ деп үйде отыра бермей, әрекеттену керек», - деді Б. Сапарбаев.

Астана әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, орталық тұрғындардың сұранысымен ашылған.

«Біз азаматтармен жеке қабылдау өткіземіз. Бұл орталық сол тұрғындардың сұранысымен ашылды. Олар ХҚКО-ға, өзге де әлеуметтік орталықтарға барады да, ақыры айналып әкімдікке келеді. Ақылдаса келе, отбасы құндылықтарын қолдайтын, әсіресе аз қамтылған отбасыларға қызмет көрсететін орталық аштық», - деді ол.

«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында 12 мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор жұмыс істейді, олар 70-ке жуық қызмет көрсетеді.

Мұнда «Кәсіпкер ана» орталығы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға өз кәсібін ашуға көмектесетін болады. Осы жұмыс аясында «Self made» мотивациялық бизнес-тренингтері ұйымдастырылады. Онда табысты әйелдер өмірлік тәжірибелерімен бөліседі.

Сонымен бірге, қала әкімінің ашық қоғамдық қабылдауы жұмыс істейді. Онда аудан әкімдері, басқарма басшылары бекітілген кестеге сәйкес тұрғындармен кездеседі.


Соңғы жаңалықтар