Елордада отбасы мәселелеріне арналған халықаралық жиын өтіп жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада Отбасы, демография және гендерлік саясат мәселелері жөніндегі халықаралық ғылыми конференция өтіп жатыр. Іс-шара екі күнге созылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі жиынға еліміздегі отбасы институты саласында еңбек етіп жүрген белгілі сарапшылар, саяси және қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен мүшелері қатысып отыр. Сондай-ақ алыс-жақын шет елдерден келген арнайы мамандар да осында. Атап айтқанда, БҰҰ өкілі, Чехия, Швеция, Үндістан мен АҚШ-тан адам құқықтары жөніндегі сарапшылар да келген. Сондықтан осы іс-шара аясында еліміздің мамандары шетелдік әріптестерімен өзара пікір алмасып, гендерлік саясат, әйелдердің құқығы, балалардың мүддесі тақырыбында нәтижелі тәжірибемен бөліседі деп сенемін», - деді конференцияда сөз сөйлеген ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева.

Ол еліміздегі отбасы институтының өз даму тарихы бар екендігін баса айтты. «Қалыптасқан жолы бар және айқын салалардың бірі. Халқымыз ұлттық тәрбие мен салт-дәстүр нормалары арқылы отбасы құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған. Бұл – ғасырдан ғасырға өтіп, уақытпен бірге сыналып, халықтың санасына әбден сіңірген рухани өнегелердің жиынтығы. Десе де, бүгінгі жаһандану үрдісіне сай жан-жақтан үйрену қазіргі заманның талабы. Әсіресе, Қазақстанның дамудың жаңа кезеңіне аяқ басатын шағында ғылыми тәсілдерді зерделеп, сарапшылардың ой-пікірлерін құлақ асу маңызды», - деді ол.

Аида Балаева іс-шара қатысушыларына ой-пікірлерін ортаға салуды өтінді.

«Осында айтылған әрбір ұсыныс пен пікір ескерусіз қалмайды деп кепіл беремін. Оның қорытындысы бойынша арнаулы қарар қабылданады. Ал ұлттық комиссия аталған қарар негізіндегі ұсыныстардың барлығын алдағы жұмысында басшылыққа алатын болады», - деді ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары.


Соңғы жаңалықтар