Елордада Оразақ Смағұловтың «Қазақ халқы және ата тегі» атты кітабы таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де өзінің саналы ғұмырының басым бөлігін қазақ халқының шығу тегі мен генеологиясына арнаған зерттеуші, ҚР ҰҒА академигі Оразақ Смағұлов пен көрнекті ғалым-антрополог Айнагүл Смағұлованың «Қазақ халқы және ата тегі» атты кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған ғылыми еңбекте ғалымның 50 жылға жуық жинақтаған материалдары негізінде қазақ халқының бет-бейнесі, қан жүйесі, тіс морфологиясы, тері бедері мен қаңқа сүйектеріне жасалған салыстырмалы зерттеулерінің ғылыми тұжырымдары топтастырылған.

Сондай-ақ кітаптың жалпы мазмұны байырғы қазақтардың атамекені мен оның тұрғындарының шығу тегіне, олардың тарихи-биологиялық дамуына байланысты этноантропологиясына, түркітектес халықтардың лингвистикасы мен антропологиясына арналған.


Еңбекке сүйенсек, бүгінгі Қазақстан жерінде мекен еткен көне заман тұрғындарының үзіліссіз нәсіл-тек жалғастығының көрінісі бүгінгі қазақ халқының морфофизиологиялық құрылымында оның түп-тұқиянының антропологиялық ерекшеліктері байырғы Қазақ атамекенінің қола дәуірінен бастап кешегі XX ғасырға дейін, яғни 40 ғасыр бойы, айтарлықтай деңгейде сақталып қалғаны баян етіледі.


«Оразақ Смағұловтың ғылым саласында жүргеніне 65 жылдан асты. Ол Қазақ елі антропологиялық ғылымының тұңғыш білікті маманы. Биыл 90 жасқа толып отырған ғалым ел, жер, ұрпақ үшін мыңызды ғылыми зерттеуді ешқашан үзген емес. Таяуда ғана оның мемлекеттік тілде «Қазақ халқы және ата тегі» атты іргелі еңбегі жарық көрді. Кітаптың бірлескен авторы Айнагүл Смағұлованың да ерекше еңбегін атап өткен жөн», - деді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.


Кітаптың таныстырылымы барысында Оразақ Смағұловқа Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Сонымен қатар, Тарихшылардың ұлттық конгресі ұсынысымен, университет ғылыми кеңесінің шешімімен ғалымға ЕҰУ-дің «Күлтегін» медалі табыс етілді.


Еске сала кетейік, биыл қазан айында қазақтан шыққан тұңғыш антрополог, Қазақстандағы антропология мектебінің негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Оразақ Смағұлов 90 жасқа толды.


Соңғы жаңалықтар